Трамп: Путин өзін жеңімпаз санайды және бейбіт келісімге дайын емес

АҚШ президенті Дональд Трамп 19 мамырда Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін, еуропалық көшбасшыларға Ресейдің Украинадағы соғысты тоқтатуға ниеті жоқ екенін жеткізді.
Трамптың айтуынша, Путин өзін бұл соғыста жеңіп жатыр деп есептейді, сондықтан бейбіт келісімге баруға мүдделі емес. WSJ жазуынша, еуропалықтар Путиннің бейбітшілікке ұмтылмайтынын болжаған еді, бірақ мұны алғаш рет АҚШ президентінің аузынан нақты естіп отыр.
Айта кетерлігі, Трамп бұл сөздерімен өзінің бұған дейінгі «Путин шын мәнінде бейбітшілікке ұмтылады» деген мәлімдемесіне қайшы келді. Сонымен қатар Трамп Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуден бас тартты, ал бір күн бұрын егер Путин соғысты тоқтатпаса, жаңа санкциялар салатынын ескерткен болатын.
Трамптың айтуынша, Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер жалғасуы керек, ал Украина президенті Владимир Зеленскийге «Путинмен өзі келіссін» деп мәлімдеген. Трамп: «Бұл менің соғысым емес. Біз араласуға тиіс емес нәрсеге араластық», - дейді.
WSJ дереккөздеріне сүйенсек, маусым айының ортасында Ватиканда Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің жаңа раунды өтуі мүмкін. Бұл келіссөздерге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен арнайы өкіл Кит Келлог қатыспақ.
Еуропалық көшбасшылар бұл келіссөздердің нәтижесі сөзсіз атысты тоқтату болуы тиіс деп санайды. Алайда Трамп «сөзсіз» деген тұжырыммен келіспейтінін айтты. Бұл — оның мамыр айының басында өзі ұсынған «30 күндік сөзсіз бітімге» қайшы келеді. Ақырында еуропалықтар оның талабына көнді.
Bloomberg-ке жақын Кремльдегі дереккөздердің хабарлауынша, Путин Ресей армиясы украин қорғанысын бұзып, жылдың соңына дейін төрт облысты толық басып алады.