Шерзат Болат ісі бойынша сотталғандардың бірі түрмеден шықты

Шерзат Болаттың өліміне қатысты сотталғандардың бірі Думан Ысқақ бостандыққа шықты.
Бұл туралы марқұм Шерзат Болаттың ісін жүргізген адвокат Мейірман Шекеев мәлімдеді.
Думан Ысқақ кәмілеттік жасқа толмаған 434-бап, яғни ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған еді.
Бірінші сот үкімімен тағайындалған жазаны өтеп қойғандықтан Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Мұсабекованың 2025 жылғы 23 шілдедегі сот қаулысымен бұлтартпау шарасы жойылып, Ысқақ қамаудан босатылды, - деді Шекеев.
Тергеу изоляторында өткізген уақыты жаза мерзіміне есептеліп, ол жазасын өтеп шықты.
Іс қалай өрбіген еді?
2024 жылдың қазан айында Талғар ауданында болған қанды оқиға 16 жастағы Шерзат Болаттың өмірін жалмаған еді. Куәгерлердің айтуынша, бірнеше жасөспірім оған топпен шабуыл жасап, ауыр соққыға жыққан. Жасөспірім алған жарақатынан кейін ауруханада қайтыс болды.
Бұл қайғылы жағдай елде үлкен қоғамдық резонанс тудырып, 2025 жылдың көктемінде іс сотқа жетті. 5 маусым күні Талдықорған қалалық соты 9 сотталушыға нақты түрме жазасын тағайындады.
Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай сотта сөйлеген сөзінде:
«Шерзат Болат тірі болуға лайық еді. Бұл тек бір баланың тағдыры емес, бүкіл қоғамды алаңдатқан іс», - деген болатын.
Сотталушылардың бірі – Абзал Шынасыл – басты күдікті ретінде танылды. Адвокат Жұмат Әбеновтың айтуынша, Абзал шындықты айтқанымен, бір сәттік сенгіштік пен эмоцияға беріліп, кінәні өз мойнына алған.
9 маусым күні жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сұраққа жауап беріп, жәбірленушілердің құқығын қорғауға басымдық берілетінін айтты. Шекеевтің айтуынша, сотталушылар азаматтық шығынды өтемей, түрмеден ерте шыға алмайды.