Иран Зангезур дәлізін АҚШ бақылауына бермеуге уәде берді

Иран билігі Оңтүстік Кавказда АҚШ бақылауындағы көлік дәлізінің пайда болуына жол бермейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Иранның Жоғарғы жетекшісінің кеңесшісі Әли Акбар Вилаяти Tasnim агенттігіне берген сұхбатында айтты.
Вилаятидің айтуынша, Әзербайжанды Нахичеван автономиялы республикасымен байланыстыратын, бірақ Армения мен Иран шекарасына жақын өтетін Зангезур дәлізінің АҚШ бақылауына өтуі аймақтағы геосаяси жағдайды шиеленістіреді.
«Мұндай дәліз АҚШ президенті Дональд Трамптың жалдамалы сарбаздары үшін алаңға айналады, бірақ бұл Америка президентінің меншігі болмайды», – деді ол.
Иран өкілі елдің Зангезур дәлізін құруға әрдайым қарсы болғанын еске салды. Себебі бұл «аймақтың геосаясатында қақтығыстарды күшейтіп, шекараларды бөлуге және Арменияның бөлшектенуіне әкелуі мүмкін».
Трамптың мәлімдемесі
АҚШ президенті Дональд Трамп 8 тамызда Ереван мен Баку арасындағы бейбіт келісімге кедергі келтіріп келген басты мәселені — дәл осы дәлізді пайдалану шарттарын — шешкенін айтты. Оның сөзінше, дәлізге «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолы» атауы берілмек, бірақ ол мұндай атауды өзі сұрамағанын жеткізді.
Трамп бұл дәлізді «Арменияның толық егемендігін құрметтей отырып, Әзербайжанға Нахичеван аумағына өтуге мүмкіндік беретін арнайы транзит аймағы» деп сипаттады. Сондай-ақ, Армения осы бағытты дамыту үшін АҚШ-пен эксклюзивті әріптестік орнататынын хабарлады.