Саида Мирзиеева президент әкімшілігін толықтай бақылауға ала ма?

Өзбекстанда президент әкімшілігінің жаңа басшысы болып Саида Мирзиеева тағайындалғаннан кейін құрылымда бірқатар өзгерістер орын алды.
Президент Шавкат Мирзиеевтің жарлығымен әкімшілік жүйесінде оңтайландыру жүргізіліп, 284 штат бірлігі қысқартылды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Шерзод Асанов Telegram арнасында мәлімдеді.
– Мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру мақсатында президент әкімшілігінің жаңа құрылымы бекітілді. Соның нәтижесінде бірқатар басқару буындары мен ұйымдарда қысқарту жүргізілді, - деп жазды Асанов.
Саида Мирзиеева 2023 жылдан бері Шавкат Мирзиеевтің кеңесшісі болып қызмет атқарып келген. Оған дейін ол президент әкімшілігінің коммуникация және ақпараттық саясат бөлімін басқарған. Ағымдағы жылдың маусым айында ол әкімшілік басшысы қызметіне ресми түрде тағайындалды.
Мирзиееваның сенімді тұлғаларының бірі – бұрынғы әкімшілік басшысының орынбасары Камил Алламжонов. Ол басқарған бөлім бір кездері Саиданың да құзырында болған. 2023 жылдың қазанында Алламжоновқа қастандық жасалып, көлігіне оқ атылған еді. Бұл оқиғадан кейін ол саясаттан кетіп, жеке секторда жұмыс істейтінін мәлімдеді. Алайда Саиданың әкімшілікке басшылыққа келуімен қатар, Алламжоновтың оның тәуелсіз кеңесшісі ретінде қайта айналымға енгені туралы мәліметтер шықты.
Алламжоновқа жасалған шабуыл Өзбекстан күштік құрылымдарына да әсер етті. 2023 жылдың қарашасында Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің төрағасы Абдулсалом Азизов қызметінен босатылып, онымен бірге ведомстводағы ондаған басшы жұмыстан кеткен.
Саида Мирзиееваның жоғары лауазымға келуі қоғамда қызу талқыға түсті. Сарапшылар президент Шавкат Мирзиеев ел тізгінін отбасына беруді жөн көріп отыр деген пікірде. Кейбір сарапшылар оны болашақ президент ретінде дайындап жатқан болуы мүмкін екенін де алға тартады. Билік жүйесіндегі бұл өзгерістер Өзбекстанның ішкі саяси құрылымында жаңа кезеңнің басталғанын меңзейді.