Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:50

Зеленский: Ресеймен келіссөздер болмайды

Украина
Фото: БАҚ

Зеленский жақын арада Ресеймен келіссөздердің жаңа кезеңі болмайтынын мәлімдеді.

Бұл туралы ол Римде шетелдік журналистермен өткен баспасөз мәслихатында айтты.

“Қазіргі уақытта тараптар екінші кездесу кезінде бастаған жұмысты аяқтауы керек. Дәлірек айтқанда, Ыстамбұлда өткен екінші кездесуде талқыланған бастамаларды соңына дейін жеткізуіміз керек. Тек осыдан кейін ғана көшбасшылар деңгейінде кездесуге дайындықты қарастыруға болады. Сол бағытта алғашқы қозғалыстар жасалады деп сенемін”, - деді Зеленский.

Оның сөзінше, қандай да бір нақты нәтиже мен соғысты аяқтауға бағытталған сенімді қадамдар болмаса, жоғары деңгейдегі кездесу жай сөз күйінде қалады.

Зеленский Украина тарабы келіссөздерге ашық екенін тағы қайталап өтті.

“Біз кез келген форматқа дайынбыз. Әсіресе, Украина, Ресей және АҚШ көшбасшыларының қатысуымен өтетін кездесу — өте маңызды формат болар еді. Бірақ ондай келіссөздерде тек сөз емес, нақты кепілдіктер мен қадамдар болуы тиіс”, - деді ол.

Мемлекет басшысы сондай-ақ келіссөздер алаңын ұсынуға әзір екенін мәлімдеген елдерге — Ватиканға, Австрияға, Швейцария мен Түркияға алғыс білдірді.

Бұған дейін, 27 маусымда Ресей президенті Владимир Путин Минскіде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысынан кейін Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер бойынша оптимистік пікір білдірген болатын. Оның айтуынша, тараптар жедел байланыста және жаңа раундтың мерзімі талқыланып жатыр.

“Ыстамбұлда осындай кездесу өткізуге дайынбыз”, - деген Путин үшінші кезеңде реттеу жөніндегі меморандум жобаларын талқылауға болады деп мәлімдеді.

8 шілдеде Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Ресейдің келіссөздерге дайын екенін растап, енді жауапты Украина тарапынан күтіп отырғанын айтты. Сол күні Кремль өкілі Дмитрий Песков та Киевтің нақты ұсынысын күтіп отырғандарын мәлім етті.

Осылайша, Ресей жаңа раунд өткізуге ынталы екенін жариялап отыр. Ал Украина екінші кездесуден кейін нақты нәтижелер болмайынша, үшінші келіссөздің мәні жоқ деп санайды. Зеленскийдің мәлімдемесі қазіргі жағдайды — соғыс барысындағы дипломатиялық тұйық пен сенімсіздікті айқын көрсетіп тұр.

Тегтер: