Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:52

Иран АҚШ-ты ядролық нысандарға залал келтіргені үшін өтемақы төлеуге шақырды

Ақш
Фото: БАҚ

Иран билігі АҚШ-тың ел аумағындағы стратегиялық ядролық нысандарға келтірген зияны үшін халықаралық деңгейде өтемақы талап етті. 

Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Саид Хатибзадех мәлімдеді.

Оның сөзінше, Фордоу, Натанз және Исфахан сынды маңызды ядролық объектілерге бағытталған АҚШ-тың әрекеті Тегеран тарапынан халықаралық құқықтың өрескел бұзылуы ретінде бағаланып отыр. Осыған байланысты Иран БҰҰ-ға ресми шағым түсірген. Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігінің өкілі Аббас Арақчи Вашингтон мен Тель-Авивтің бұл қадамдарын ашық агрессия деп атады және Иран тарапы бұған халықаралық құқық шеңберінде нақты жауап беруге дайын екенін жеткізді.

Тегеран АҚШ-пен арадағы ядролық келіссөздерді жалғастыру үшін бірқатар талап қойып отыр. Атап айтқанда, Иран тарап қауіпсіздік кепілдіктерімен қатар, келтірілген шығындар үшін материалдық өтемақы төлеуді талап етуде. Бұл, ирандық билік өкілдерінің айтуынша, елдің халықаралық беделі мен егемендігін қорғауға бағытталған маңызды әрі заңды талап.

Арақчидің айтуынша, АҚШ соғыс жүріп жатқан шақта Иранға шабуыл жасап, үлкен залал келтірген. Министрдің сөзінше, Вашингтон бұл әрекетін түсіндіріп, болашақта мұндай жағдайдың қайталанбайтынына кепіл беруі тиіс. Сонымен қатар Иранға келтірілген нақты материалдық шығынның өтелуін де талап етіп отыр. Алайда Тегеран қандай көлемде өтемақы сұрап отырғанын нақтыламады.

«Олар бізге не үшін шабуыл жасағанын ашық айтуы керек. Сонымен қатар ондай қадамды қайталамайтынын ресми түрде кепілдендіруі қажет. Бізге келтірілген зиянның орнын толтыру да — негізгі шарт», - деді министр.

Сарапшылардың пікірінше, бұл Иран мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың жаңа шиеленіс кезеңіне өткенін көрсетеді. Таяу Шығыстағы жағдай одан әрі күрделене түсуі мүмкін. Жаһандық қауымдастық бұл жағдайдың дипломатиялық жолмен шешілуін қалайтынын бірнеше мәрте білдіргенімен, тараптар арасында ортақ мәмілеге келу әзірге қиын болып тұр.

Қазіргі уақытта халықаралық ұйымдар мен жетекші мемлекеттер шиеленісті ушықтырмай, екіжақты келіссөздер арқылы бейбіт шешімге келуге үндеп отыр. Арақчи келіссөздерді жалғастыру мүмкін екенін жоққа шығармайды. Дегенмен, ол Иран билігін бұл келіссөздер шынайы ниетпен және екі тарапқа да тиімді болатынына сендіру қажет екенін айтады.

Ал 2025 жылдың шілде айында  Трамптың әкімшілігі Иранға соңғы жеті жылдағы ең ірі санкциялар пакетін жариялады. Бұл шектеулер Тегеранға қарсы экономикалық қысымды арттыруға бағытталған және Иранның мұнай өнімдерін заңсыз экспорттаумен айналысатын, 20-ға жуық елде тіркелген танкерлер мен контейнерлік кемелердің «алып империясына» бағытталған.

АҚШ Қаржы министрлігінің дерегінше, бұл желіні Иранның рухани көсемі Әли Хаменейдің саяси кеңесшісі Али Шамханидың ұлы — Мұхаммед Хусейн Шамхани басқарады. Айта кету керек, Шамхани маусымдағы Израильмен 12 күндік соғыста бомбалау кезінде аман қалған.

АҚШ қаржы министрі Скотт Бессенттің айтуынша, 115 нысанды қамтыған бұл санкциялар Трамп әкімшілігінің Иранға қарсы «максималды қысым» саясатының жалғасы саналады.

«Бұл шектеулер — Тегеранның элитасына бағытталған, олар өз халқы кедейшілікпен күресіп жатқанда байлық жинап, Таяу Шығыстағы әскери авантюраларды қаржыландырып отыр», - деді министр.

Ал Иран Сыртқы істер министрлігі бұл әрекеттерді «иран халқына бағытталған қарсы қадам» деп бағалады. Ресми өкіл Эсмаил Багаи: «АҚШ-тың бұл агрессивті әрекетіне қарамастан, ирандықтар өз абыройын және ұлттық мүдделерін қорғау үшін күресті жалғастырады», - деп мәлімдеді.

Санкциялар Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі келіссөздер аясында жасалып отыр. АҚШ пен Еуропа Тегеранды келіссөздер үстеліне қайта оралтуға үміттеніп отыр. Алайда Иран әзірге МАГАТЭ-мен техникалық деңгейде ғана диалог жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.