Тоқаев: Жаңа Конституция – Тәуелсіздік пен Егемендіктің берік іргетасы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум барысында жүргізілген exit-poll нәтижелерімен танысып, дауыс беру жоғары деңгейде, ашық әрі әділ өткенін айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, отандық және халықаралық бақылаушылар референдум кезінде заң талаптары мен демократиялық нормалардың толық сақталғанын атап өткен.
Президент Қазақстан азаматтары дауыс беру арқылы бірлік пен патриотизмнің үлгісін көрсеткенін айтты. Оның сөзінше, азаматтардың басым бөлігі елді жаңарту мен әділетті қоғам құру бағытын қолдаған.
— Жаңа Конституция – біздің Тәуелсіздігіміз бен Егемендігіміздің берік іргетасы. Негізгі заң – адам құқықтары мен бостандықтарының мызғымас кепілі. Біз заң мен тәртіп үстемдік ететін әділетті қоғам құру жолында маңызды қадам жасадық, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев референдумға белсенді қатысқан жастарға алғыс айтып, бұл тарихи шешім Қазақстанның дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті.
Еске салайық, exit-poll нәтижелері жарияланғаннан кейін Мемлекет басшысы «Қазмедиа орталығы» студиясында арнайы мәлімдеме жасады.