Астанадағы аурухана блогерге қарсы сотқа шағым дайындап жатыр

Астанадағы №2 облыстық аурухананың басшылығы жүктілігін жоғалтқан науқас туралы жазған блогерге қарсы сотқа шағым дайындап жатыр.
Талап арыз ҚР Азаматтық кодексінің 143-бабы бойынша — жала жабу және іскерлік беделге нұқсан келтіру фактісі бойынша берілмек. Аурухана директоры Изат Бюрабековтың айтуынша, блогер жағдайды асыра сілтеп көрсеткен. Жазбалар бүгінде желіден жойылған, алайда Бұйрабековтің сөзінше, олар дәрігерлердің өтінішімен емес, өз еркімен өшірілген.
Ол науқас Диана тұрақты бақылауда болғанын және оның жағдайы шұғыл медициналық көмекті қажет етпегенін нақтылады. Дәрігерлер жүктілікті сақтау үшін әрекет еткенімен, жүктіліктің 6 апта 5 күнінде өздігінен түсік орын алған. Бұл кезең — жүктіліктің ресми түрде тіркелмейтін мерзімі.
Сондай-ақ аурухана басшысы «нәресте жоғалды» деген мәлімдемелерге қарсы пікір білдіріп, бұл мерзімде медициналық тұрғыда өлшемі 3–6 мм болатын ұрық туралы сөз болатынын айтты.
Еске салайық, Астанадағы Манас көшесінде орналасқан №2 ауруханада жүкті әйел ұзақ уақыт қан кетуден кейін баласынан айырылды деп хабарлаған едік.
Бұл туралы оның палатадағы көршісі мәлімдеді. Айтуынша, науқас әйел «түсік тастау қаупі» диагнозымен ауруханаға түсіп, екі күн бойы жағдайы тұрақты болған.
«Бүгін кенеттен жағдайы күрт нашарлады, қатты қан кете бастады. Мен айқайлап, дәрігерлерді шақырдым. «Ең болмаса бірдеңе істеңіздерші» деген сөзіме медбике: “Дәрігердің нұсқауынсыз ештеңе істей алмаймын”, - деп жауап берді. Бәрі қолдарын жайып, селқос қарап тұрды. Оның халін көріп тұра алмадым. Қоңырау шалмаған жерім қалмады – еш нәтиже болмады», - деді оқиғаның куәгері.
Куәгерлердің айтуынша, медициналық көмек тек 1 сағат 45 минут өткен соң ғана көрсетілген.