Павлодар облысындағы дауыл: бір адам қаза тауып, 16 адам жарақат алды

2025 жылғы 19 маусымда Павлодар облысында жылдамдығы секундына 43 метрге дейін жеткен алапат дауыл тіркелді.
Табиғаттың тосын мінезі өңірге айтарлықтай зиян келтіріп, инфрақұрылым бүлінді, электр қуаты өшті.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қатты дауыл кезінде 16 адам түрлі дене жарақатын алған, олардың үшеуі — кәмелетке толмаған балалар. Өкінішке қарай, бір адам көз жұмды. Ақсу қаласында 1968 жылы туған әйел ажал құшты.
Қайғылы оқиға Ақсуда орын алған. Жел ұшырып әкелген ағаш бұтағы жүріп келе жатқан таксидің алдыңғы терезесін сындырып, алдыңғы орындықта отырған әйелдің кеудесіне қадалған. Жолаушы оқиға орнында жан тапсырды. Әлеуметтік желілерде тараған видеодан такси жүргізушісінің шошып, жылап, жолаушыға көмек сұрағанын көруге болады.

Павлодар облысының орталығында 47 нысанның шатыры бүлінген. Оның алтауы — әлеуметтік мекемелер. Ақсу мен Екібастұзда 23 ғимарат, Баянауыл ауданында жеті нысан, сондай-ақ Май мен Павлодар аудандарындағы бірнеше ғимараттар зақымданды.
Аймақтың бірнеше елді мекені жарықсыз қалды. Әсіресе Ақсу қаласы мен Баянауыл ауданында әлі де электр қуаты толық қалпына келтірілген жоқ.
Қазіргі таңда облыс аумағында дауыл салдарын жою жұмыстары жүргізілуде. Арнайы бригадалар байланыс пен электр желілерінің 16 тіреуін қалпына келтіруде. Құтқару және жөндеу жұмыстарына 300-ден астам маман мен 100-ден аса техника жұмылдырылды.
Төтенше жағдайлар қызметі алдағы күндері де ауа райының құбылмалы болатынын ескертіп, тұрғындарды сақ болуға шақырып отыр. Көшеге себепсіз шықпау, ағаштардың және ескі құрылыстардың маңында тұрмау ұсынылады.