Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:58

Перизат Қайрат Палестина халқына жиналған қаражаттың небәрі 7 млн теңгесін ғана аударған — прокурор

Қайрат
Фото: zhasalash.kz

Астанада өтіп жатқан сот отырысында қоғам белсендісі Перизат Қайратқа тағылған айыптардың бірі — Газа секторындағы бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету мақсатында қаржы жинау кезінде жасалған алаяқтық әрекеттер.

Бұл туралы іс бойынша прокурор Арман Кезекен мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2023 жылдың қазанында Перизат Қайрат Қазақстандағы Палестина елшілігіне арнайы барып, Газа секторында әскери қақтығыстан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қор арқылы бірлесіп жұмыс істеуді ұсынған.

Алайда бұл видеолардың қоғамдық ұйымның нақты гуманитарлық көмегімен еш қатысы жоқ және олар халықты алдау үшін пайдаланылған. Соның нәтижесінде жалпы сомасы 566 млн теңге көлемінде қайырымдылық жиналған. Бірақ бұл қаражаттың тек 7 млн теңгесі ғана Палестина елшілігінің шотына аударылған. Ал қалған 559 млн теңгені Қайрат пен Алашбаева өз қалауынша жұмсаған, - деп айтты прокурор.

Прокуратура ұсынған мәліметтер бойынша, жиналған қайырымдылық қаражаты мынадай бағыттарға жұмсалған:

  • Дубайдағы люкс қонақүйлерде тұру: Atana Hotel, Habtoor Palace, Palazzo Versace Hotel, Madinat Jumeirah, Five Hotel Fze;
  • Nusret мейрамханасында тамақтану, такси мен көлік жалдау, ұшақ билеттері;
  • Қайрат өзіне тиесілі жеке кәсіпкерлікке 178 млн теңгені “гуманитарлық көмек” түрінде аударып, бұл қаржыны көмір, Жаңа жылдық сыйлықтар мен “көмек көрсету” сылтауымен жұмсаған;
  • 30 млн теңгеге Mercedes-Benz көлігін сатып алған;
  • 86 млн теңгеге Sensata Plaza тұрғын үй кешенінен пәтер иеленген.

Сонымен қатар прокурорлардың айтуынша, жымқырылған ақшаны заңдастыру үшін Қайрат пен Алашбаева 23 млн теңгеге “Rebel Flowers” гүл бизнесін сатып алған. Кейін осы бизнестен Қайрат пен оның анасы 68 млн теңге көлемінде табыс көрген.

Қазір бұл эпизод бойынша тергеу жалғасып жатыр. Қайрат пен Алашбаева өздеріне тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Қоғамда кең талқыланып жатқан бұл іс қоғам белсенділерінің қайырымдылық атауын жамылып, ірі көлемде қаржы жымқыру фактісін әшкерелеп отыр.

Айта кетейік, Перизат Қайрат қоғамда еріктілер қозғалысын дамытуға қосқан үлесімен танылған. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторына гуманитарлық миссия ұйымдастыру сынды түрлі қайырымдылық бастамаларымен көзге түскен.

Алайда 2024 жылғы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Перизат Қайраттың 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Бұған қоса, 2023 жылдың қарашасында Палестина халқына гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражаттың 200 миллион теңгесін жеке мақсатына жұмсады деген айып тағылды.

ҚМА мәліметіне сәйкес, 2023 жылғы желтоқсанда Перизат Қайрат дәл осы қаражаттың есебінен Нұр-Сұлтандағы элиталық Sensata Plaza тұрғын үй кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер, сондай-ақ 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4Matic көлігін сатып алған.

2024 жылдың 16 қарашасында Астана тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Ал 13 желтоқсанда оның элиталық пәтерлері мен автокөліктері бұғатталып, үйінде тінту жүргізілген. Тінту барысында қайырымдылық қаражатқа сатып алынған жоғары құнды техника мен әлемдік брендтердің (Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т.б.) киімдері, зергерлік бұйымдары, аяқкиімдері мен сөмкелері тәркіленді.

Ол сондай-ақ СИЗО-да соққыға жығылғанын айтқан еді.

Іс бойынша сот процесі жалғасуда.