Депутат Тұрлыхановтың ұлы түрмеден босатуды сұрап отыр

ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы бойынша сотталған Нұрасыл Болат жазасын айыппұлға ауыстыру туралы тағы да өтініш берді.
Депутат Дархан Тұрлыхановтың ұлына қатысты атышулы іс жалғасуда. 2023 жылы ол адвокаттар Олег пен Анна Черновтарды соққыға жыққаны үшін сотталған болатын. Бұл іс Жоғарғы сотта қайта қаралып, оған бастапқыда бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Алайда бірнеше мәрте режим талабын бұзғаннан кейін жаза түрі күшейтіліп, Болат нақты мерзімге сотталды.
Жақында белгілі болғандай, Нұрасыл Болат жазасының өтелмеген бөлігін айыппұлмен алмастыру туралы өтініш түсірген.
Алматы қаласы Алатау аудандық соты да мұны растады.
"Иә, сотталған азаматтан Қылмыстық кодекстің 73-бабы бойынша "тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру немесе жаза мерзімін қысқарту" тәртібімен жеңілдету жөнінде өтініш келіп түсті", - деді сот өкілдері.
Бұл ұсынысқа тек жәбірленушілер ғана емес, колония басшылығы да қарсы шықты.
"Мекеме басшысы да, мен де айыппұлға ауыстыруға қарсымыз. Қазір теңізге демалуға кететін уақыт емес деп ойлаймын. Өз еңбегіңмен таппаған ақшамен мәселені шешу – бұл жаза өтеу емес, бұл – сатып алу. Бұған балама ретінде бостандықты шектеу бар, бірақ оның неге әкелетінін де көрдік", - деп жазды Анна Чернова өзінің Instagram парақшасында.
Аталған өтініш бойынша сот тыңдалымы 2025 жылдың 19 маусымына белгіленген.
2024 жылы Нұрасыл Болаттың адвокаттары оны түрмеге қамау туралы сот шешіміне апелляциялық шағым түсірген еді.
«Депутат Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың адвокаттары апелляция берді. Күтеміз», - деп жазды Чернова.
21 қазанда сот Нұрасыл Болатты 1 жыл 5 ай мерзімге бас бостандығынан айырған болатын. Бұл шешім оның тамыз айында тағайындалған пробациялық режимін бұзғаны үшін қабылданды. Себеп — блогер Искакованың туған күнін атап өту мен караоке-барға баруы. Қазір ол жазасының үштен бірінен астамын 7 ай 22 күнін өтеген.
Пробациялық бақылау Жоғарғы сот шешімінен кейін тағайындалған еді.