Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 11 Тамыз 2025

Баку Ресейді Украинадағы Әзербайжан нысандарына соққы жасағаны үшін айыптады

Әлиев
Фото: zhasalash.kz

Әзербайжан билігі Ресейді Украина аумағындағы ел нысандарына «әдейі соққы берді» деп айыптады. 

Бұл туралы Бакуде Ильхам Әлиевтің Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескеннен кейін хабарланды.

Мәліметке сүйенсек, Ресей әуе шабуылдары Әзербайжанның SOCAR мұнай базасына, Украинадағы басқа да нысандарына, сондай-ақ Украинаға Әзербайжан газын жеткізетін газ қысу станциясына бағытталған. Әзербайжан президенті әкімшілігі бұл туралы 10 тамыз, жексенбі күні мәлімдеді. Әңгіме барысында тараптар Ресейдің шабуылдары Баку мен Киевтің энергетика саласындағы ынтымақтастығын тоқтатпайтынына сенім білдірді.

Зеленский: Мәскеу – Еуропаның энергетикалық тәуелсіздігіне қарсы.

Украина президенті Әзербайжан басшысына «Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігін қолдағаны үшін» алғыс айтты. Зеленский мен Әлиевтің ұстанымы бірдей: барлық мемлекеттер халықаралық құқықты құрметтеуі керек, аумақтық тұтастыққа қатысты қос стандарт болмауы тиіс. Украина билігі Ресейдің соққыларын Киев пен басқа да еуропалық елдерге энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ететін жолдарды бұғаттау әрекеті деп бағалады.

Әзербайжан нысандарына жасалған шабуылдар

6 тамыз түні Ресей Одесса облысындағы, Украина–Румыния шекарасына жақын орналасқан газ қысу станциясына соққы жасады. Киевтің мәліметінше, бұл станция Грекиядағы сұйытылған газ (СПГ) терминалдарын Трансбалқан газ құбыры арқылы Украинадағы қоймалармен байланыстырады. Бұл бағытпен АҚШ газымен қатар сынақ ретінде Әзербайжан газы да жеткізілген.

8 тамыз түні Ресей Одесса облысында Әзербайжанның мемлекеттік SOCAR компаниясына тиесілі мұнай базасына дронмен шабуыл жасады. Салдарынан өрт шығып, дизель отыны құбыры зақымданды. SOCAR-дың Украинада шамамен 60 жанармай құю бекеті мен бірнеше мұнай базасы бар.