Дмитрий Киселев Sputnik Әзербайжан агенттігінің жабылғанын хабарлады

"Россия сегодня" медиа тобының бас директоры Дмитрий Киселев Sputnik Әзербайжан ақпарат агенттігінің ол елде қызметін жалғастыруына ешқандай жағдай жоқ екенін хабарлады.
«Бүгінгі таңда Әзербайжанда Sputnik агенттігінің жұмысын жалғастыруға қажетті жағдай жоқ. Біздің қызметкерлерге негізсіз айып тағылды, олар ойдан құрастырылған сылтаумен қамауға алынды. Біз өз тарапымыздан журналистеріміздің құқықтары қорғалуын қамтамасыз ету үшін қолда бар барлық мүмкіндікті пайдаланамыз», - деп мәлімдеді.
Осылайша ол бұл шешімді Бакудегі редакция қызметкерлерінің тұтқындалуымен байланыстырды.
Айта кетейік, аталған ұсталу оқиғалары 30 маусым күні болған. Sputnik Әзербайжан редакциясында тінту жүргізіліп, агенттік директоры Игорь Картавых пен бас редактор Евгений Белоусов қамауға алынған. Оларға алаяқтық, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен келген мүлікті заңдастыру баптары бойынша айып тағылған. Әзербайжандық ақпарат құралдары екі азаматты ФСБ агенттері деп атап, олардың елде жасырынып жұмыс істегенін жазды.
Бұған қоса, ақпан айында Әзербайжанның Сыртқы істер министрлігі ел аумағында Sputnik агенттігінің қызметін тоқтатуды көздеп отырғанын жариялаған болатын. Алайда сол кезде агенттік редакциясы Әзербайжанда олардың жұмысына ресми түрде тыйым салынбағанын мәлімдеді. Осы аралықта Әзербайжан мен Ресей сыртқы істер министрліктерінің жұмыс топтары арасында туындаған келіспеушіліктерді шешу үшін келіссөздер жүргізілді.
Айта кетейік, Әзербайжан астанасында құқық қорғау органдары ұстаған ресейлік "Sputnik" ақпарат агенттігінің Әзербайжан филиалының бес қызметкері елден шықпау туралы қолхат беріп, бейсенбі күні қамаудан босап шықты. Бұл шешім тек Әзербайжан азаматтығына ие агенттік қызметкерлеріне қатысты қабылданған. Ал екі күн бұрын ұсталған филиалдың атқарушы директоры Игорь Картавых пен бас редактор Евгений Белоусов әлі де қамауда отыр.
“Sputnik Әзербайжан” агенттігі қызметкерлерінің тұтқындалуы Мәскеу мен Баку арасындағы дипломатиялық шиеленістің бір бөлігіне айналды. Бұл дау Ресейдің Екатеринбург қаласында құқық қорғау органдары әзербайжан диаспорасының өкілдерін адам өлтіру ісіне қатысы бар деген күдікпен ұстағаннан кейін ушыққан. Ұсталғандардың екеуі сол оқиға барысында қаза тапқан. Бұған жауап ретінде Әзербайжан билігі ел аумағында жүрген Ресей азаматтарын ұстай бастады. 1 шілде күні "Sputnik Әзербайжан" қызметкерлерінің үйлерінде тінту жүргізіліп, 7 адам тұтқындалды.