Таиланд Камбоджаны бітім режимін бұзды деп айыптады

Таиланд әскері Камбоджа тарапын бітім шартын бұзды деп айыптады.
Олардың мәлімдеуінше, түңгі 12-ден кейін, яғни атысты тоқтату режимі күшіне енгеннен соң, Камбоджа әскери күштері шекараның бірнеше бөлігінде шабуыл жасаған.
Алайда Камбоджа Қорғаныс министрлігі бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарды. Ресми Пномпеньнің мәлімдеуінше, бітім режимі енгізілген сәттен бастап бірде-бір атыс тіркелмеген. «Біз келісімді толығымен қолдаймыз және оны орындауға ниеттіміз», - делінген Камбоджа билігінің ресми хабарламасында.

Қазіргі мәліметтер бойынша, 29 шілде күні екі елдің әскери басшылығы кездесіп, жағдайды талқыламақ.
Айта кетейік, мамыр айында даулы аумақта болған қақтығыстан Камбоджа сарбазының қазасынан кейін көрші елдер арасындағы қарым-қатынас күрт нашарлады.
Қақтығыстың басталуына не себеп болды?
Таиланд пен Камбоджа шекарасындағы қарулы қақтығыс 24 шілдеде басталған. Себеп — екі ел арасындағы тарихи даулы аумаққа қатысты шиеленістің қайта өршуі. Бұл аумаққа қатысты дау соңғы онжылдықтар бойы екі елдің арасында дипломатиялық және әскери текетіреске себеп болып келеді.
Таиланд СІМ мәлімдеуінше, Камбоджа әскерлері Таиланд әскери базасын ауыр артиллериямен атып, азаматтық нысандарға соққы жасағанын хабарлады. Бұған жауап ретінде Таиланд ӘӘК жойғыш ұшағы Камбоджадағы нысандарға соққы берді.
27 шілдеде Трамп тараптарды келіссөзге келуге шақырып, жағдайды реттеуге көмектесуге дайын екенін мәлімдеді. Ал келесі күні Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагимнің делдалдығымен екі ел атысты толық және сөзсіз тоқтату жөнінде келісімге келген болатын.