Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:25

Ресейге әскери де, қаржылай да көмек көрсетілмейді - Ван Идің мәлімдемесі

Ресей
Фото: zhasalash.kz (ЖИ)

Қытай Ресейге Украинадағы соғыста әскери немесе қаржылық көмек көрсетіп жатқан жоқ.

Бұл туралы Қытай сыртқы істер министрі Ван И Еуроодақтың жоғары лауазымды өкілдерімен келіссөз барысында мәлімдеді. South China Morning Post басылымы келіссөзге жақын дереккөздерге сілтеме жасай отырып, Бейжіңнің ресми ұстанымына қарама-қайшы кейбір стратегиялық мүдделерін ашып көрсетті.

Ван И Еурокомиссия төрағасының орынбасары Кая Калласпен төрт сағаттан астам уақытқа созылған кездесуде Қытай тарабы Ресейдің бұл соғыста жеңілуін қаламайтынын ашық білдірген. Министрдің сөзінше, егер Мәскеу ұтылса, АҚШ-тың барлық назары бірден Қытайға ауып, Бейжіңге қысым күшейеді. Бұл пікір еуропалық дипломаттар арасында таңданыс тудырған. Себебі Қытай бұған дейін үнемі бейтарап ұстанымда екенін айтып, ешқандай тарапты қолдамайтынын мәлімдеп келген.

Сонымен қатар Ван И Ресей армиясына көмек көрсетілді деген Батыс елдерінің айыптауларын түбегейлі жоққа шығарды. Ол Қытайдың Мәскеуге қару да, тікелей қаржылай қолдау да бермейтінін нақты айтты. Бейжің өзін бұл жанжалда тек ара ағайын, бейбіт бітімгер ретінде көрсетіп отыр.

Келіссөз барысында Ван И Кая Калласқа бірнеше рет “тарих сабағын” оқығаны айтылды. Бұрын Эстония премьер-министрі болған Каллас — қазіргі қызметіне 2024 жылы тағайындалған, сыртқы саясатта батыл мәлімдемелерімен танымал тұлға. Оның Ресейге қатысты қатаң ұстанымы Еурокомиссиядағы бағытын да айқындап отыр.

Брюссельдегі сарапшылардың пікірінше, Ван Идің бұл сөздері Қытайдың ресми түрде бейтарап ұстанымына қарамастан, геосаяси тұрғыда жанжалдың жалғасуына мүдделі екенін көрсетеді. Себебі Украинадағы соғыстың созылуы АҚШ-тың күшін бөліп, Қытайға бағытталған қысымды бәсеңдетеді. Бұл — Бейжің үшін пайдалы стратегиялық мүмкіндік.

Айта кетейік, соңғы уақытта Еуроодақ елдері Қытайды Ресейге қос мақсаттағы (екі түрлі қолданылуы мүмкін – бейбіт және әскери) тауарлар жеткізді деп жиі айыптайды. Алайда Бейжің бұл мәлімдемелерді үнемі жоққа шығарып келеді. Қытай билігінің айтуынша, олар Киевпен де, Мәскеумен де диалог орнатқан санаулы елдердің бірі ретінде бейбіт келіссөздерге бастамашы болуға дайын.

Қытайдың сыртқы істер министрі Ван Идің Еуроодақ өкілдерімен келіссөзде білдірген ұстанымы Бейжіңнің шынайы стратегиялық мүддесін аңғартқандай. Ресми түрде бейтарап болғанымен, Қытай Украинадағы соғыс арқылы АҚШ-тың назарын өзінен алшақтатып отырғанын жоққа шығармайды. Бұл жағдай Еуроодақтың Қытайға деген сеніміне көлеңке түсіріп, алдағы қарым-қатынасты шиеленістіре түсуі мүмкін.

Тегтер: