«Путин сіздерді де, Американы да келемеждеп отыр» – АҚШ конгрессмені

АҚШ конгрессмені Трампты Ресейге қатысты ұстанымын өзгертуге шақырды.
АҚШ Конгресінің қарулы күштер жөніндегі комитетінің мүшесі, республикашыл Дон Бэкон Трампты Ресейге қатысты стратегиясын қайта қарауға үндеді. Ол әлеуметтік желіде:
«Президент мырза, сіздің Ресейге қатысты саясатыңыз нәтиже бермей жатыр. Біз келіссөз жүргізіп жатқанда, Путин украин қалаларын бомбалап жатыр. Міне, қазіргі Киевтің жағдайы», - деп жазды. Х жазбасына ол Ресейдің түнгі массалық шабуылынан кейінгі Киевтің суретін де тіркеген.
Конгрессменнің пікірінше, қазіргі жағдай жұмсақ ұстаныммен шешілмейді.
«Біз және одақтастарымыз Украинаны толық қаруландыруымыз керек. Сондай-ақ Ресейге қарсы ең қатаң санкциялар қажет», - деді Бэкон.
Айта кетейік, бұған дейін Дональд Трамп Владимир Путинмен сөйлескенін айтып, сол әңгімеден кейін «ренжігенін» мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Ресей президенті соғысты тоқтатуға дайын емес екенін көрсеткен. «Бұл – өте өкінішті жайт» деген Трамп алдағы 4 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлеспек.
АҚШ Конгресінің тағы бір республикашыл мүшесі Джо Уилсон Ресейдің Украинаға жасаған жаппай шабуылына байланысты пікір білдіріп, Владимир Путинді тоқтатуға және Украинаға қорғаныс үшін қажетті барлық көмекті көрсетуге шақырды. Оның сөзінше, Украинаға нақты көмек көрсетпей, агрессияны тоқтату мүмкін емес.
«Путинді тоқтататын кез келді. Украина өз елін қорғау үшін толыққанды қолдауға мұқтаж», - деді ол.
Айта кетейік, 3 шілде кешінде Дональд Трамп Кремль басшысымен телефон арқылы сөйлесті. Алайда АҚШ президенті бұл әңгімеден кейін Украинадағы соғысты тоқтату бағытында ешқандай ілгерілеу болмағанын мәлімдеді.
Сол түні Ресей Украинаға қарсы ауқымды әуе шабуылын ұйымдастырды. Ресейлік әскер Украинаға 550 түрлі әуе шабуыл құралын қолданған. Украин қорғаныс күштері олардың 478-ін жойғанымен, 8 жерге тікелей соққы тиген, тағы 33 жерде зымыран мен дрон сынықтары құлаған. Жаппай шабуыл адам өлімі мен инфрақұрылымның зақымдануына алып келген.