Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:53

Тимур Құлыбаевтың банкі Өзбекстандағы төлем жүйесінің жартысын сатып алмақ

Құлыбаев
Фото: zhasalash.kz

Тимур және Динара Құлыбаевтар бақылайтын «Алмэкс» холдингі арқылы жұмыс істейтін қазақстандық Halyk Bank Өзбекстандағы жетекші төлем жүйелерінің бірінен үлес сатып алу жөнінде келісім жасасты.

KASE жариялаған мәліметке сәйкес, Halyk Bank Өзбекстанның «Click» акционерлік қоғамымен стратегиялық келісімге қол қойған. Бұл келісім аясында банк Click компаниясының 49 пайыздық үлесін сатып алады. Өз кезегінде, Halyk Bank Өзбекстандағы еншілес банкі – Tenge Bank-тің дәл осындай үлесін Click акционерлеріне сатады.

Алайда мәміле бағасы тең емес: Halyk Bank Click компаниясындағы үлесі үшін 176,4 миллион доллар төлесе, Tenge Bank-тің 49 пайызы үшін бар болғаны 60,76 миллион доллар алады. Бұл – айырмашылығы шамамен үш есеге жуық. Айта кетерлігі, барлық заңды тұлғалар өз дербестігін сақтайды. Мәмілені екі елдің қаржылық реттеушілері ресми мақұлдаған соң аяқтау жоспарланып отыр.

Банктің хабарлауынша, бұл келісім — нарықтың екі көшбасшысының мықты тұстарын біріктіруге бағытталған стратегиялық маңызды қадам. Екі компанияның қызметтері мен клиенттік базалары бір-бірін толықтырып отырады. Сонымен қатар Click пен Tenge Bank өз қызметін бұрынғыдай тәуелсіз заңды тұлға ретінде жалғастырады. Клиенттер бұрынғы шарттармен қызмет ала береді. Барлық келісімшарттар мен міндеттемелер өз күшінде қалып, толық көлемде және уақытында орындалады.

Click — Өзбекстандағы жетекші төлем жүйелерінің бірі. Ол қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға арналған өзінің цифрлық өнімін жасап шығарған. Компания 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның директорлар кеңесінде белгілі кәсіпкерлер Илхом Азимов пен Жахонгир Усманов бар. Click платформасы өзбек банктерінің карталарымен қатар, қазіргі таңда саны 10 миллионға жуық болатын цифрлық әмиян арқылы төлем мен аударым жасаудың ыңғайлы жолын ұсынады.

Halyk тобының Қазақстан мен Өзбекстандағы белсенділігін ескерсек, банк екі елде 32,1 миллионнан астам клиентке қол жеткізе алады. Бұл — 58 миллион халқы бар екі мемлекетті қамтитын, 2,6 миллионнан астам шағын бизнес пен жеке кәсіпкерді біріктіретін ауқымды нарық.

Айта кетейік, биыл мамыр айында Тимур және Динара Құлыбаевтар бақылауындағы Halyk Bank таза пайдасын 1,5 есеге арттырған болатын.