Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

Беларусьтік хакерлер Ресейдің «Аэрофлот» әуе компаниясына шабуыл жасап, ондаған рейс тоқтатылды

Ресей
Фото: БАҚ

«Аэрофлот» компаниясы ақпараттық жүйелердегі ақауға байланысты 50-ге жуық рейсін тоқтатты. 

Кейін бұл жағдайдың хакерлік шабуылдан туындағаны анықталды.

Тоқтатылған рейстер қатарында Мәскеу — Астана, Мәскеу — Минск, Мәскеу — Ереван бағыттары және Санкт-Петербург, Калининград, Сочи, Қазан сияқты ресейлік қалалар арасындағы ұшулар бар. Астананың халықаралық әуежайындағы таблода «Аэрофлоттың» екі рейсі тоқтатылғаны көрсетілген:

  • Мәскеуден Астанаға келуі тиіс рейс (қону уақыты — 17:25);
  • Астанадан Мәскеуге ұшуы тиіс рейс (ұшу уақыты — 18:25).

Қазіргі уақытта әуе компаниясының ресми сайты жұмыс істемейді.

Ресей Бас прокуратурасы бұл жағдайдың хакерлік шабуыл екенін растады. Ведомство компьютерлік ақпаратқа заңсыз қол жеткізу бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Шабуыл жасағанын Silent Crow тобы мен белорусьтік «Киберпартизаны BY» қауымдастығы мойындады. Олар бір жыл бойы «Аэрофлоттың» ішкі жүйелеріне қол жеткізіп, барлық мәліметтер базасын (ұшу деректерімен бірге) көшіріп алғандарын мәлімдеді.

Хакерлердің айтуынша, олар қалпына келтіруі ондаған миллион долларға түсетін көптеген ресурстарды жойған.

«Жақын күндері біз алған деректердің бір бөлігін жариялай бастаймыз. Біз тек инфрақұрылымды бұзған жоқпыз — із қалдырдық. Слава Україні! Жыве Беларусь! Аэрофлотпен ұшқан барлық ресейліктің жеке деректері де саяхатқа аттанды — бірақ бұл жолы біржола және жүксіз», - делінген хабарламада.

Қазақстанның Көлік министрлігі де жағдайға пікір білдірді. Министрлік таратқан хабарламада былай делінген:

«Аэрофлот» компаниясы бұл техникалық ақау халықаралық рейстерге, соның ішінде Қазақстанға қатынайтын ұшақтарға әсер етпейтінін растады.

Дегенмен, SU1962/1963 рейсі (Мәскеу — Астана — Мәскеу) тоқтатылған. Пассажирлерге бұл туралы алдын ала хабарланып, оларды келесі рейспен (SU1914/1915) жеткізу жоспарланған. Көлік министрлігі жолаушыларға өз рейсінің мәртебесін бақылап отыруды ұсынады.

Хакерлер жариялаған деректердің көлемі мен салдары әзірге белгісіз.