Солтүстік Қазақстан облысында үш аудан әкімі соттың талабымен тәртіптік жазаға тартылды

Солтүстік Қазақстан облысында үш бірдей аудан әкіміне тәртіптік жаза қолданылды.
Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
«2025 жылдың I тоқсанында соттың жеке ұйғарымдарын қарау нәтижесінде облыс әкімдігі үш аудан әкімін тәртіптік жазаға тартты. Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жер даулары мен мемлекеттік сатып алулардың қорытындыларын даулау жөніндегі әкімшілік істерді қарау барысында АППК нормаларының бұзылғанын анықтап, облыс әкіміне үш жеке ұйғарым шығарды», - делінген дүйсенбіде таратылған хабарламада.
Соттың мәліметінше, бұл жеке ұйғарымдар заңды күшіне енген.
«Бірінші жағдайда жол бойындағы дәмхананың эскиздік жобасын келісуден бас тартуды заңсыз деп тану туралы талап бойынша аудан әкімінің жазбаша шағымды қарамауы жеке ұйғарым шығаруға себеп болды. Аудан әкімі құрылыс бөлімі қызметіне қатысты шағымды қараудың орнына, дәл сол бөлімге қайта жіберген. Бұл әрекетімен ол АППК талаптарын бұзды. Яғни, төмен тұрған мемлекеттік орган шешіміне шағымды жоғары тұрған орган қарауы тиіс еді», - деді сот өкілдері.
Екінші жағдай жолдарды күтіп ұстауға қатысты мемлекеттік сатып алу қорытындысын даулау туралы кәсіпкерлік субъектісінің талабы бойынша туындаған. Іс материалдарын қарау кезінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі нақты болмаған аудит шешіміне сілтеме жасап, жеңімпаз деп танылған кәсіпкердің ұтып алған сатып алуын жойған.
«ТКШ бөлімінің өрескел заң бұзушылықтарына, сотта өз кінәсін мойындағанына және заңсыз әрекеттерге қатысты аудит департаментінің хаттарына қарамастан, аудан әкімі сотқа өзінің бөлімін ақтайтын жазбаша дәлелді ұстанымын жолдаған. Онда талапты қанағаттандырмауды сұраған», - делінген хабарламада.
Үшінші жағдайда шаруа қожалығының талап-арызы бойынша аудан әкімдігінің «жер телімін уақытша өтеулі ұзақ мерзімді бірлескен пайдалануға (жалға) беру туралы» қаулысы заңсыз деп танылды.
«Іс барысында сот аудан әкімдігі тарапынан жер заңнамасы мен АППК нормаларының бұзылғанын анықтады. Бұл жеке ұйғарым шығаруға негіз болды. Мұндай шаралар, ең алдымен, әкімшілік рәсім барысында лауазымды тұлғалардың АППК талаптарын қатаң сақтауын қамтамасыз ету мақсатында қолданылады», - деді сот өкілдері.