Таяу Шығыстағы шиеленіс әлемдік қаржы нарығына соққы берді

Иран мен Израиль арасындағы бес күннен бері жалғасып жатқан зымыран соққылары жаһандық қаржы нарығын шайқалтты.
Қақтығысқа АҚШ әскері де араласуы мүмкін деген ақпарат инвесторлар арасында алаңдаушылық туғызып отыр. Дональд Трамптың тапсырмасымен бірнеше жойғыш ұшақ қақтығыс аймағына аттанған.
Нәтижесінде, АҚШ-тың жетекші қор индекстері – Dow Jones, S&P 500 және Nasdaq – төмендеді. Инвесторлар тәуекелден қашып, белсенді түрде құнды қағаздардан бас тарта бастады.
Қаржы нарығындағы толқулар биткоин бағасына да әсер етті. Жыл басынан бері бірнеше рет тарихи шекке жеткен криптовалюта құны қазір 104 мың доллар шамасына дейін төмендеген. Өзге де цифрлық активтер құлдырау үстінде – нарықта сенімсіздік пен тұрақсыздық басым.
Алайда кейбір активтер, керісінше, өсім көрсетуде. Мұнай бағасы геосаяси қауіп-қатердің аясында қымбаттай түсті. Сондай-ақ, инвесторлар қауіпсіз актив ретінде алтынға жүгініп жатыр – бағалы металл құны тарихи максимумға жақындап келеді.
Brent маркалы мұнай бағасы сәтте 78 доллардан асып, айтарлықтай өсті. Алайда бірнеше сағаттан соң баға қайтадан төмендеп, 75 долларға жетті. Дүйсенбі күні мұнай бағасы шамамен 73 доллар деңгейінде тұрақтады.
Еуропадағы газ нарығы да тез арада әсерін көрсетті. 13 маусымда Нидерландтағы TTF хабында газ бағасы 5%-ға өсті, 1000 кубометр үшін 456 долларды құрады. Ал дүйсенбі күні сауда басталар кезде газ бағасы тағы да өсіп, 470 доллар деңгейіне жетті.
Сәрсенбіде қор биржасындағы сауда-саттық қорытындысы бойынша бір доллар құны 483,21 теңгені (+2,86 теңге) құрады. Дегенмен шетелдік валюта сауда-саттығының көлемі өскен күйінде қалып отыр: 250,9 млн доллар (-3,8 млн). Демек, "Таяу Шығыстағы шиеленіс одан әрі өршиді" деген болжамға сүйенген бірқатар ойыншылар долларды көптеп сатып алған болу мүмкін. Доллар индексі сейсенбіде 0,41% - ға өссе, сәрсенбіде тағы 0,48% - ға өскені бұған дәлел бола алса керек. Яғни, доллар бағамының өсімі жаһандық сипатқа ие.
Сәрсенбіде ақша нарығының ставкалары ұлттық валюта бағамының құбылмалы болуына байланысты өсті: TONIA - 13,28%-ға (+5 б.п.), ал SWAP-1D 8,65%-ға (+81 б.п.) дейін өсті. Оның үстіне сауда-саттық көлемі сейсенбі күнгі көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай өскені байқалады: 750,0 млрд теңге (+103 млрд). Дегенмен, Ұлттық Банк депозиттік аукцион арқылы қысқа мерзімді өтімділіктегі ақшадан 410 млрд теңгені алып қойды (сұраныстың 100%, жылдық сыйақы мөлшерлемесі - 14,25% - бен).
Егер қақтығыс ушыға түссе, қаржы нарығындағы тұрақсыздық тереңдейді. Бұл әсіресе дамушы елдердің валюталары мен қор нарықтарына ауыр салмақ түсіруі мүмкін.
Иран Израильдің шабуылына 100-ден астам дронмен жауап берді. Иран билігі бұл шабуылдарды «соғыс жариялау» деп атады. Сонымен қатар Израиль барлық консулдықтары мен елшіліктерін жабатынын мәлімдеді.