Соғыссыз шешім: АҚШ Иранға қарсы әскери қимылдарға қосылмайды

Орта Шығыстағы жағдай ушығып тұр, алайда Вашингтон әскери қақтығысқа араласпақ емес.
АҚШ билігі Таяу Шығыстағы шиеленіс аясында Иранға қарсы соғыста Израильді қолдаудан бас тартты. Бұл туралы ВВС агенттігінің америкалық серіктесі – CBS News мәлім етті.
Ақ үйдің ресми өкілдері хабарлағандай, Америка Құрама Штаттары Израиль мен Иран арасындағы әскери жанжалға тікелей араласпайды. Бұған дейін Трамптың «Үлкен жетілік» саммитінен шұғыл кетіп, Ұлттық қауіпсіздік кеңесін шақыруы Иранға әуе соққылары басталатынын меңзейді деген болжамдар тараған болатын. Алайда CBS дереккөздері бұл әрекет тек дипломатиялық қысым тетігі екенін алға тартады.
Jerusalem Post басылымының хабарлауынша, Трамп әкімшілігі Иранға уран байытудан бас тарту жөнінде келісімге келу үшін соңғы мүмкіндік ұсынбақ. Егер Тегеран бұл ұсыныстан бас тартса, жағдай ушыға түсуі мүмкін. Бұл туралы басылым аты-жөнін жарияламаған еуропалық және америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап жазды.
Соңғы апталарда Иран мен Израиль арасындағы әскери-саяси шиеленіс жаңа деңгейге көтерілді. Бұған дейін екі ел бірнеше рет өзара зымыран соққыларымен алмасып, инфрақұрылымның бүлінуіне және адам шығындарына әкеп соққан. Израиль өз әуе қорғанысын күшейтіп, ықтимал шабуылдарға дайындықты жеделдетті.
Бұл шиеленіс кең ауқымды соғысқа ұласуы мүмкін. Мұндай жағдайда бүкіл Таяу Шығыс аймағының тұрақтылығына қауіп төнеді.
Axios басылымының хабарлауынша, екі елдің бірігуі "Иранның ядролық бағдарламасын жою үшін" қажет. Басылым екі жоғары лауазымды израильдік дереккөзге сілтеме жасай отырып, Израильде Иранның Фордоудағы жерасты уран байыту зауытын жоюға қажетті бункерлер мен ірі бомбалаушы ұшақтар жоқ, ал АҚШ-та бар деп хабарлайды.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Вашингтонның Израильдің Иранға қарсы әскери операциясына қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Бұған қоса, америкалық шенеунік Иранды Құрама Штаттар мүдделеріне қарсы әрекет жасамау керектігін ескерткен.
Қазіргі таңда АҚШ бейбіт реттеу жолдарын іздеуге тырысуда. Дегенмен, Иран мен Израиль арасындағы қарулы қақтығыс қаупі толық сейілген жоқ. Аймақ пен әлем елдері бұл дағдарыстың дипломатиялық жолмен шешілуін үміт етеді.
Израиль мен Иран арасындағы соғыс басталғалы бері 600-ден астам адам Астара шекара өткелі арқылы жайлы жағдайда эвакуацияланды. Эвакуацияланғандар қатарында 17 елдің азаматтары бар. Олардың қатарында ТМД елдері – Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бар. Еуропа елдерінен Германия, Испания, Италия, Сербия, Румыния және Португалия азаматтары сұраныс бойынша эвакуацияланған.
Елдеріне қайтарылған шетелдіктер арасында АҚШ, БАӘ, Қытай және Вьетнам азаматтары да бар, бірақ олардың саны көп емес.
Эвакуацияланған азаматтардың айтуынша, Иран жағында Әзербайжан шекарасынан өту үшін кезегін күтіп отырған жүздеген адам бар.