Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:55

Перизат Қайраттың жоғары білімі жоқ — сотта мәлім болды

Қайрат
Фото: zhasalash.kz

Сот отырысында Перизат Қайраттың бірде-бір жоғары білімі жоқ екені айтылды. 

Бұған дейін ол бірнеше жоғары білімім бар деп жиі мәлімдегенімен, бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны белгілі болды.

Сотта сондай-ақ ол сәтті, іскер әйел бейнесін қалыптастыру үшін БАҚ пен әлеуметтік желілерде БАӘ-де тұрғанын және ет тасымалы бойынша отбасылық бизнес жүргізгенін айтып, жалған ақпарат таратқан деген мәлімет айтылды.

Бұдан бөлек, 2012 жылы қор ашқан кезде ол құрылтайшылардың қолдарын қолдан жасап, мекенжай ретінде ойын клубы орналасқан орынды көрсеткен. Алайда ол кезде іс тараптардың татуласуына байланысты жабылған.

Сондай-ақ, журналистер сот залынан ақпаратты тікелей тарата алмайды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сабыржан Каримов БАҚ өкілдерін сот залынан шығару туралы шешім қабылдады. Судьяның сөзінше, процессте кез келген сәтте банк құпиясына немесе құпия ақпаратқа жататын деректер жария етілуі мүмкін. Сол себепті журналистер залдан шығарылды.

Айта кетейік, Перизат Қайрат қоғамда еріктілер қозғалысын дамытуға қосқан үлесімен танылған. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторына гуманитарлық миссия ұйымдастыру сынды түрлі қайырымдылық бастамаларымен көзге түскен.

Алайда 2024 жылғы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Перизат Қайраттың 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Бұған қоса, 2023 жылдың қарашасында Палестина халқына гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражаттың 200 миллион теңгесін жеке мақсатына жұмсады деген айып тағылды.

ҚМА мәліметіне сәйкес, 2023 жылғы желтоқсанда Перизат Қайрат дәл осы қаражаттың есебінен Нұр-Сұлтандағы элиталық Sensata Plaza тұрғын үй кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер, сондай-ақ 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4Matic көлігін сатып алған.

2024 жылдың 16 қарашасында Астана тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Ал 13 желтоқсанда оның элиталық пәтерлері мен автокөліктері бұғатталып, үйінде тінту жүргізілген. Тінту барысында қайырымдылық қаражатқа сатып алынған жоғары құнды техника мен әлемдік брендтердің (Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т.б.) киімдері, зергерлік бұйымдары, аяқкиімдері мен сөмкелері тәркіленді.

Ол сондай-ақ СИЗО-да соққыға жығылғанын айтқан еді.

Іс бойынша сот процесі жалғасуда.