Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:55

Сотта Шерзаттың мәйітінің суреті көрсетілді

Шерзат
Фото: Жоғары сот

Талдықорғанда өтіп жатқан сот отырысында Шерзат Болат мәйіті түсірілген фото көрсетілді.

21 мамырда өткен сот отырысында іс бойынша басты айыпталушы Абзал Шынасылдан жауап алынды. Жауап алу барысында жәбірленуші тарап адвокаты Мейірман Шекеев сотталушы Абзал Шынасылдан Шерзаттың дене жарақаты туралы сұрады.

- Сот отырысында Гүлбара Бишембиева «баламның бетінде және денесінде жарақат болды» деп айтты. Мына дене жарақатына қатысты не айта аласыз?, - деді адвокат Мейірман Шекеев.

Абзал Шынасыл бұл сұраққа қысқа жауап қайырды.

- Білмеймін. Шерзатқа қолым тиген жоқ. Шерзатты мен ұрған жоқпын, – деді ол.

Еске салайық, 2024 жылдың 4 қазанында Талғар қаласында қайғылы оқиға тіркелді. 16 жастағы Шерзат Полат жанжал салдарынан дүкен маңында қаза тапты. Оқиға кезінде клиенттердің бірімен келіспеушілік шығып, жанжал төбелеске ұласқан. Нәтижесінде Шерзат пышақ жарақатынан көз жұмды. Қасындағы немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев ауыр жараланып, кейін өз-өзіне қол салғаны хабарланды. Алайда марқұмның туыстары бұл нұсқаға күмән келтіріп отыр.

Құқық қорғау органдары оқиғаға байланысты 9 адамды күдікті ретінде ұстады. Оларға Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған: «Адам өлтіру», «Қылмысқа дайындалу және оқталу», «Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау», «Бұзақылық» және «Ұрлық».

Күдіктілер қатарында Абзал Шынасыл, Равиль Сәкиев, Азамат Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов және кәмелет жасына толмаған Думан Ысқақ бар. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Тегтер: