Бішкек вице-мэрі Жамалбек Ырсалиев тұрғындармен кездесуден кейін ұсталды

Бұл оқиға 16 шілде күні ГКНБ басшысы Қамчыбек Ташиевтің Тунгуч ықшам ауданындағы тұрғындармен кездесуінде болды.
Көпшіліктің шағымынан кейін белгілі болғандай, генплан бойынша саябақ салынуы тиіс жер телімі жеке нысандармен заңсыз құрылысқа айналған. Бұл нысандардың Бішкек вице-мэрі Жамалбек Ырсалиевке қатысы бары айтылды.
Ырсалиев бұл жерді абаттандырып, кітапхана мен шахмат клубын орналастырғанын мәлімдеді. Алайда ҰҚК қызметкерлері тексеру жүргізіп, алты жыл бойы аталған жер телімін жеке мақсатына пайдаланып келгенін, жалдау үшін ешқандай ақы төлемегенін анықтаған.
Кейбір тұрғындар жалдау ақысы алынғанын, бірақ ол қаражат бюджетке түспегенін айтқан.
«Сен бұл жерді пайдаландың, аренда үшін төлемедің, енді бұл менікі емес деп тұрсың. Мырза болу керек – істеген ісіңе жауап бер», - деді Қамчыбек Ташиев Ырсалиевке.

Қысқа диалогтан кейін Ташиев тергеу амалдарын бастауды бұйырып, вице-мэрді оқиға орнынан алып кетті. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Жамалбек Ырсалиев туралы не белгілі?
Жамалбек Ырсалиев 1975 жылғы 28 тамызда дүниеге келген. 2009 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша Құқық, қаржы және бизнес саласындағы Халықаралық басқару академиясын аяқтаған. 2015 жылы Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында «мемлекеттік және муниципалдық басқару» мамандығы бойынша білім алған.
1998–2003 жылдары «Ислам маданияты» газетінің бас редакторы болған. 2002–2008 жылдары «Теңир-Тоо-Дордой» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы қызметін атқарған.
2015 жылғы 30 маусымнан 2016 жылғы қазанға дейін Бішкек қалалық кеңесінің депутаты болған.
Содан кейін Бішкек мэриясының құрылымдарында басшылық лауазымдарда жұмыс істей бастады:
- 2020 жылғы қазаннан 2021 жылғы маусымға дейін — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша вице-мэр;
- 2021 жылғы маусымнан қыркүйекке дейін — бірінші вице-мэр;
- 2021 жылғы қыркүйектен 2022 жылғы наурызға дейін — Первомай ауданының әкімі;
- 2022 жылғы наурызда қайтадан вице-мэр қызметіне тағайындалып, сол жылдың мамырында «Бишкектеплоэнерго» коммуналдық кәсіпорнының директоры болды.
2023 жылғы тамызда Ленин сайлау округі №26 бойынша Жогорку Кенеш депутаттығына өтетін қайта сайлауға қатысу үшін ОСК-ға өтініш тапсырған. 10 қыркүйекте өткен сайлауда 8,70% дауыс жинаған.
2024 жылғы 14 мамырда көлік, жол инфрақұрылымы және цифрландыру мәселелері бойынша Бішкек вице-мэрі қызметіне қайта тағайындалды.
2024 жылғы желтоқсан айының соңында Қырғыз Республикасы Президентінің Жарлығымен Ырсалиев Құрмет грамотасымен марапатталған.