Amanat партиясының депутатына тиесілі компания Атырау облысында 140 тендер ұтқан

Қазақстанда депутаттардан бизнесінен толық бас тарту талап етілмейді.
Басты шарт — олар оны тікелей басқармауы керек. Бұл туралы «Қоғамдық құқық» мамандығы бойынша PhD докторанты, заңгер Әлішер Қадырбеков түсіндірді. Әлеуметтік желілерде Amanat партиясынан Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов пен оның компаниясы жайлы ақпарат тарағаннан кейін бұл мәселе қоғамда талқыға түсті.
Әділ Жұбанов депутат болып сайланбас бұрын Атырау облысындағы «БатысАльянсСтрой» компаниясын басқарған және оның екі құрылтайшысының бірі болған. Қазір ол – серіктестіктің жалғыз құрылтайшысы.
2016 жылдан бері компания қалалық құрылыс бөлімімен 101, ал ауылдық округтер мен облыс әкімдігімен тағы 40 келісімшарт жасаған. Қолданыстағы келісімшарттардың жалпы құны — 15,2 миллиард теңге. Қазір «БатысАльянсСтрой» компаниясын Жаңабай Жұбанов басқарады. Ол депутатпен тегі мен әкесінің аты бірдей адам.

Заңгер Әлішер Қадырбековтің айтуынша, егер депутат бизнесті сенімгерлік басқаруға тапсырса, оның компания құрылтайшысы болуына заң тыйым салмайды.
«Депутат бизнестегі үлесіне ие бола алады. Бірақ ең бастысы — ол компанияны басқаруға араласпауы және тікелей табыс көрмеуі тиіс», — дейді заңгер.
Оның сөзінше, бұл талаптар Қазақстан Республикасының «Парламент туралы» конституциялық заңында нақты көрсетілген. Егер депутат бұл талаптарды бұзса, мысалы, компания басшылығына кірсе немесе келісімшарттарға өзі қол қойса, Орталық сайлау комиссиясы оның депутаттық өкілеттігін тоқтата алады.
Мұндай жағдайларды болдырмау үшін депутаттар мыналарды орындауы тиіс:
- Өз активтерін, бизнестегі үлесін және табысын декларациялау;
- Парламентке сайланған күннен бастап 30 күн ішінде бизнесті басқаруды сенімгерлікке тапсыру;
- Коммерциялық ұйымдардың басқару және бақылау органдарына мүше болмау;
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тексерістерге бағыну.
«Бақылау жұмыстарын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Орталық сайлау комиссиясы және Депутаттық этика жөніндегі кеңес жүргізеді. Олар депутаттың заң талаптарын бұзбағанын қадағалайды», — дейді Қадырбеков.
Заң бойынша депутат өз лауазымын бизнеске ықпал ету үшін пайдалана алмайды. Дегенмен, Қадырбековтің пікірінше, тәжірибеде жанама ықпал ету құралдары жеткілікті — мысалы, профильдік комитеттерде жұмыс істеу, депутаттық сауалдар жолдау, немесе қоғамдық мәртебе арқылы компанияның нарықтағы танымалдығына әсер ету.
«Депутаттың заң жобаларын әзірлейтін комитетке мүше болуы, мемлекеттік органдарға ресми сауал жолдауы, не болмаса өзінің қоғамдық беделі арқылы компанияның имиджіне оң әсер етуі — мұның бәрі жемқорлық тәуекелдерін арттырады», - деп толықтырды заңгер.
Заң бойынша депутат компания иесі болып қала алады, бірақ тек бизнес сенімгерлік басқаруға берілген жағдайда ғана және ол өзі шешім қабылдауға қатыспауы тиіс.