«Садақа — мансап құралы емес»: Перизат Қайрат ісі бойынша прокурор оны 10 жылға соттауды сұрады

Бүгін сот отырысында прокурор Мәдина Оразалина мәлімдеме жасады.
Оның айтуынша, Перизат Қайратқа қатысты іс — жай ғана алаяқтық емес, бұл «аманатқа, адалдық пен қайырымдылыққа жасалған опасыздық».
– Бүгін біз елге белгілі қоғам белсендісі Қайрат Перизат пен оның анасы Алашбаева Гайниге қатысты қылмыстық істің сот тергеуінің қорытындысына келіп отырмыз. Осы отырысқа дайындалып жатып, мен бүгінгі сөзімді «Ізгілік маскасы» деп атағым келді. Сөзімді қазақстандық халыққа – кеңпейілдік пен ар-ождан иелеріне алғыс айтудан бастағым келеді, - деді прокурор.
Оразалинаның сөзінше, Перизат Қайрат қайырымдылықты бетперде етіп, халықтың сенімін пайдаланып пайда тапқан.
– Енді кімде-кім «қайырымдылық» деген сөзді жеке бас пайдасы үшін қалқан еткісі келсе, білгені жөн: халық енді үнсіз емес, мемлекет көз жұма қарамайды, ал сенім – шексіз емес, - деді ол.
Сөзінің соңында прокурор Мадина Оразалина қатқыл мәлімдеме жасады:
– Садақа – мансаптың құралы емес. Халықтың сенімі – әмиян да, бренд те емес. Ол – аманат. Ал аманатқа опасыздық еткен адам мәңгілік жарыққа шығарылып, әшкере болады.
Соңғы мәлімет бойынша, алаяқтық ісі бойынша өтіп жатқан Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның соты жабық форматқа ауысты. Прокурорлар Қайратты 10 жылға, анасын 8 жылға соттауды және 10 жыл бойы қайырымдылық қызметімен айналысу құқығынан айыруды сұрады.