Ақтөбеде балабақшадағы орын санын көбейту үшін пара берген үш шенеунік сотталды

Ақтөбеде үш мемлекеттік қызметкерге қатысты үкім шықты.
Айыпталушылар қатарында облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қазмұханбетов, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкері Жанғабаев және оның тікелей басшысы Есімбаев бар.
Сот материалдарына сәйкес, Қазмұханбетов өзіне жақын туысына тиесілі балабақшада бала санын көбейту мақсатында қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жүгінген. Ол үшін уәкілетті органнан санитарлық қорытынды алу қажет болған. Қазмұханбетовпен сөйлескеннен кейін басқарма басшысы Есімбаев өз орынбасары Жанғабаевқа балабақшадағы орын санын 48-ден 75-ке дейін көбейтуге мүмкіндік беретін қорытынды дайындауды тапсырған.
Жанғабаев балабақшаға бірнеше рет барып, жағдайды тексерген. Ол бұл талапты орындау мүмкін емес екенін айтқанымен, кейін қажетті құжатты әзірлеген.
Осыдан соң Қазмұханбетов делдал арқылы Есімбаевқа “ризашылық белгісі” ретінде 300 мың теңге көлемінде пара берген. Есімбаев бұл ақшаны өз бетінше бөліп: 90 мың теңгені Жанғабаевқа, 15 мың теңгені делдалға берген, ал қалған 195 мың теңгені автокөлігіндегі кілемшенің астына жасырған.
Сотта Қазмұханбетов кінәсін толық мойындады. Есімбаев кінәсін ішінара мойындаса, Жанғабаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды. Алайда олардың кінәсі куәгерлердің сөзімен, заттай айғақтармен және іс материалдарымен дәлелденді.
Сот Қазмұханбетовтің әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабы 2-бөлігі («Пара беру») бойынша, ал Есімбаев пен Жанғабаевтың әрекетін 366-баптың 2-бөлігі («Пара алу») бойынша саралады.
Үкім шығару кезінде сот облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары мен Есімбаевқа қатысты жазаны жеңілдететін жайттарды ескерді — кінәні ішінара мойындауы және кәмелетке толмаған балаларының болуы. Ал Жанғабаевқа қатысты жеңілдететін жағдайлар анықталмады. Барлық сотталушы үшін жазаны ауырлататын жағдай — кәсіби антының бұзылуы болды.
Нәтижесінде Қазмұханбетов 3 жылға, ал Есімбаев пен Жанғабаев әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ақтөбе қаласының №2 сотының үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.