«Елде басқа проблема жоқ па?» – Мұқаев тағы да сынға ілікті

Мәжіліс депутаты, кезінде «миллионмен декрет» курсын үйреткені үшін дауға қалған Дәулет Мұқаев тағы да жұрттың сынына қалды.
Бұл жолы ол Threads әлеуметтік желісінде «Орысша неге Олжас – Алжас болып айтылады да, Ольга – Альга болмайды?» деген сауал қойып, көпшілікті "қайран" қалдырды.

Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, елде күн сайын өзекті мәселелер жетіп артылады: әскерде сарбаздың бейбіт кезде қаза табуы, қымбатшылық, коммуналдық төлемдер, валютаның құнсыздануы, ауыл-аймақтың артта қалуы.
«Осындай жағдайда халық қалаулысының мұндай «жұмбақ» мәнді іздеуі – елдің шынайы проблемаларын елемеу» деп жазғандар көп болды.

Кейінгі айларда Дәулет Мұқаев аты декреттік төлемдерді заңсыз көбейту ісімен байланысты аталып жүр. Жақында Ақтөбеде екі бухгалтер әйел 98 млн теңге көлемінде мемлекетке шығын келтіргені үшін 6 жылға сотталды. Сотталғандардың бірі осыдан бұрын Мұқаевтың «Декретке миллионмен» атты курсын оқығанын айтқан. Ал Шымкентте тағы бір әйел 21 жүкті ананың жәрдемақысын заңсыз көбейткені үшін 22 млн теңге залал келтіріп сотталған.
Желі қолданушылары: «Әйелдер сотталып жатыр, ал осы курсты насихаттаған Мұқаев неге жауапқа тартылмайды?» деп наразылық танытты.
Өз кезегінде депутат бұл сындарға жауап беріп, «Мен ешқашан заңсыздыққа шақырған жоқпын. Сабақта «өтірік ИП ашпаңдар, алаяқтыққа бармаңдар» деп қайта-қайта ескерттім. Курстың бар формуласы egov.kz порталындағы ресми мәліметке негізделген» деп ақталды.
Ал мына жағдайға байланысты жұрт Мұқаевты тағы да сынап жатыр. Қоғам оның бұл ісін – әлеуметтік жағдай ушығып тұрғанда, ешкімге пайдасы жоқ «сұрақпен» уақыт өткізуін жауапсыздық әрі халық сенімін аяқ асты ету деп санайды.