“50 күн уақыт беремін”: Трамп Ресейге қатаң мәлімдеме жасады

Трамп Ресейге қарата президенттік мерзіміндегі «ең қатаң» мәлімдемесін жасады.
Алайда бұл мәлімдеме көпшіліктің күткендей емес, жұмсақ әрі шартты түрде болды. Ақ үй басшысы Мәскеуге Украинамен бейбіт келісімге келу үшін тағы 50 күн уақыт беріп, одан кейін ғана Ресей тауарларына 100 пайыздық кедендік тарифтер енгізілетінін мәлімдеді. Бұдан бөлек, Ресеймен сауда жасайтын елдерге де қайталама санкциялар салынуы мүмкін.
Трамптың сөзі нақты шаралардан гөрі, кезекті ескерту мен саяси қысымға көбірек ұқсайды. Бұл мәлімдеме НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен кездесуде айтылды. Осы арқылы Трамп НАТО-ның өзі үшін маңызды екенін, ал Альянс басшысының Ақ үй басшысына құрметпен қарауының әсерін көрсетті.

Трамп былай деді: егер 50 күн ішінде Украина мен Ресей арасында бейбіт келісім жасалмаса, Ресейге және оның серіктестеріне қарсы 100 пайыздық кедендік баж салығы енгізіледі. Әңгіме Қытай, Үндістан және Бразилия тәрізді елдер туралы болып отыр. Бұған дейін Трамп бұл елдерге 500 пайыздық салық енгізу мүмкіндігін де ескерткен.
НАТО басшысы Рютте Трамптың сөзін қолдап, егер өзі Путиннің орнында болса, мұндай талапты естіп, келіссөздер туралы ойланар едім деген пікір білдірді. «Украина үшін бұл жақсы жаңалық», - деді ол.
«Мен Путинмен бұл мәселе жайлы жиі сөйлесемін. Телефонмен сөйлескен сайын, “жақсы әңгіме болды” деп ойлаймын. Бірақ артынша Киевке немесе басқа қалаларға зымырандар ұшады», - деді Трамп.
Сондай-ақ ол тағы бір рет мәлімдеді:
«Путин Клинтонды да, Бушты да, Обаманы да, Байденді де алдай алды. Бірақ мені алдай алмайды».
Бұл сөз журналистерді елең еткізді. Бірақ олардың «Эскалация жағдайында АҚШ не істейді?» деген сұрағына Трамп ашулы түрде жауап беруден бас тартып, тек бейбіт келісімді қолдайтынын айтты.
The New York Times тілшілері Трамптың әрекеттерінен нақты шешім қабылдауға деген ерік-жігердің жоқтығын байқады. Олардың айтуынша, 100 пайыздық салық — бұл нақты санкция емес, ал нақты соққыны Конгрестегі қос партиялық тобы ұсынып отыр. Бұл топ Ресейдің экономикасына ауыр соққы жасау үшін 500 пайыздық баж салығын енгізуді ұсынып отыр. Мұндай шара, мысалы, Ресей мұнайын және уранын сатып алатын елдерге бағытталған.
Алайда саясаттанушы Андрей Пинчук пікірінше, 100 пайыздық салық — әлдеқайда шынайы қадам.
«500 пайыздық салық енгізілсе, бұл АҚШ-тың негізгі сауда серіктестеріне – яғни, Қытай мен Үндістанға соққы болып тиеді. Бұл өз кезегінде АҚШ-тың өзіне зиян келтіреді. Ал 100 пайыз – бұл әлдеқайда іске асуы мүмкін сценарий», - деді ол.
Трамптың мәлімдемесінің екінші бөлігі – Украинаға қару жеткізу туралы. Енді АҚШ бұл көмекті тегін жасамайды. Қару АҚШ-та өндіріледі, бірақ шығынды толықтай НАТО-дағы еуропалық елдер өтейді. Координацияны НАТО мен АҚШ-тың альянстағы тұрақты өкілі Уитакер жүргізеді. Бұл – протекционистік қадам. Қару сату арқылы АҚШ-тың әскери-өнеркәсіптік кешені пайда табады, ал қару Украинаға тегін жетсе, бұл Еуропа елдерінің таңдауы ретінде көрсетіледі.
Трамп бұл келісімді таза коммерциялық мәміле ретінде сипаттап:
«Бұл Байденнің соғысы, демократтардың соғысы», - деп мәлімдеді. Ол Ресейдің Украинаға басып кіруі немесе халықаралық құқықты бұзу туралы бірде-бір сөз айтқан жоқ.
Айта кетейік, бұл келісім Patriot зениттік жүйелеріне арналған қосымша снарядтар мен JASSM қанатты зымырандарын жеткізуді қамтиды. Бұл зымырандар F-16 жойғыш ұшақтарына орнатылады. Трамптың айтуынша, бұл миллиардтаған доллар тұратын қарулар жақын арада НАТО елдері есебінен қаржыландырылып, Украинаға жеткізіледі.
Көпшілік байқамай қалған бір маңызды жайт бар: Трамп бұған дейін Путинмен әңгімеде Ресей жазда Украинада ауқымды шабуыл жасауды жоспарлап отырғанын естігенін айтқан. Яғни, екі ай уақыт керек деген сөз. Қазір Трамп 50 күн уақыт беріп отыр. Бұл — нақтыланған мүмкіндік. Алдыңғы сұхбаттарының бірінде Трамп Путиннің өзі оған «60 күн ішінде шабуыл болады» дегенін айтқан. Бұл сөз шамамен 10 күн бұрын айтылған. Яғни, Трамп өзінің риторикасында: «Егер сендерге екі ай керек болса – алыңдар. Бірақ содан кейін санкциялар болады», - дегенге келтіреді.
Трамптың нақты іске көшпеуі — бұл белгілі бір шартты үнсіз келісімнің белгісі болуы мүмкін. Бұл туралы Андрей Пинчук та атап өтті.
Батыс баспасөзі мен сарапшылары әзірге тек Трамптың Путинге ренішін, 100 пайыздық салықты, оның әлсіздігін ғана сөз етіп жатыр. Ал шын мәнінде, негізгі ойыншылар Трамптың беріп отырған 50 күндік мүмкіндігін жақсы түсініп отыр.