Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 01 Мамыр 2025

АҚШ пен Украина жер қойнауын бірлесіп игеру жөнінде келісім жасасты

АҚШ пен Украина
Фото: X/USTreasury

30 сәуірде АҚШ пен Украина сирек жер элементтерін өндіру мен елді қалпына келтіруге бағытталған инвестициялық қор құру туралы стратегиялық келісімге қол қойды.

Құжат тарихи маңызға ие келісім ретінде бағаланды. АҚШ қаржы министрі Скотт Бессенттің айтуынша, бұл келісімге қол қою мүмкіндігін президент Трамптың тұрақты бейбітшілік орнату жолындағы табанды еңбегі қамтамасыз еткен. Министрдің сөзінше, құжат екі ел арасындағы терең экономикалық әріптестіктің іргетасын қалап, қалпына келтіру қорын іске қосуға мүмкіндік береді.

Украина вице-премьері Юлия Свириденконың түсіндірмесіне сәйкес, инвестициялық қор АҚШ пен Украина арасында тең құқықты негізде — 50/50 құрылатын болады, ал бірде-бір тарап басым дауысқа ие болуға құқылы болмайды.

Келісімнің негізгі шарттары:

  • Украина өзінің жер қойнауына толық егемендік сақтайды — мемлекет қандай пайдалы қазбаларды және қай жерде өндіретінін өзі анықтайды.
  • Жер қойнауы Украина меншігінде қалады.
  • Құжат «Укрнафта» және «Энергоатом» сияқты маңызды активтердің шетелдік серіктестерге басқаруға берілуін қарастырмайды.
  • Келісімде Украина мен АҚШ арасындағы қарыздық міндеттемелер жоқ.
  • Құжат елдің евроинтеграциялық бағытын өзгертуге немесе жекешелендіру процестеріне әсер етпейді.

Бұл келісімнің мақсаты — АҚШ-тың маңызды минералдық ресурстарға қол жеткізуін қамтамасыз етумен қатар, жаһандық инвестиция тарту мен заманауи технологияларды енгізу арқылы Украина экономикасын қалпына келтіру процесіне қарқын беру.

Тегтер: