Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:25

«Дикий Арман»-ның сыбайласы Дубайдан экстрадицияланды

Дикий
Фото: zhasalash.kz

Ол 2022 жылғы 5-7 қаңтар аралығында Алматы қаласында Жұмагелдиевтің бандалық құрамында жаппай тәртіпсіздіктерге белсене қатысқан деген күдікке ілінді.

Қазақстан Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан елшілігінің көмегімен Арман Жұмагелдиевтің (Дикий Арман лақап атымен танымал) ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшесін экстрадициялады. Бұл азамат соңғы үш жыл бойы халықаралық іздеуде болған.

«Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті жасырынған және шамамен 3 жыл бойы халықаралық іздеуде болған, кейіннен Біріккен Араб Әмірліктері аумағында ұсталған», - делінген Бас прокуратура хабарламасында.

“Ол қылмыстық топ құрамында жаппай тәртіпсіздіктерге белсенді түрде қатысқан деген күдікке ілінді”, - делінген Бас прокуратураның ресми хабарламасында.

Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласындағы тергеу изоляторына қамалды. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Айып тағылған қылмыстар үшін он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.

Еске салайық, 2025 жылғы 27 қаңтарда Алматы қалалық сотында Қаңтар оқиғасына байланысты қылмыстық іс бойынша айыптау үкімі шықты. Істің басты фигуранттарының қатарында қылмыстық ортада «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев пен Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты, кәсіпкер Қайрат Құдайберген болған еді.

2025 жылдың қаңтарында Арман Жұмагелдиев 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және басқарды, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты және бандитизммен айналысты деп таныды.

Қайрат Құдайберген ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы («Жаппай тәртіпсіздіктер») және 126-бабы («Адамды заңсыз бас бостандығынан айыру») бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған әлеуметтік желілерді пайдалану, митингілер мен пікірталастар өткізу, іс-шаралар ұйымдастыру және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялану құқығынан айыру жазасы да қолданылды.

Руслан Искаков — ҰҚК-нің бесінші басқармасының бұрынғы басшысы — өкілеттігін асыра пайдаланды және ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп танылып, 15 жыл 6 айға сотталды.

Талғат Махатов — бұрынғы қаржы полициясының қызметкері — 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бердах Бердімұратов — журналист — 7 жылға сотталды.

Сот әр айыпталушының кінә деңгейін, істің мән-жайын ескере отырып үкім шығарды.

Тегтер: