Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:52, 27 Желтоқсан 2023

Ғинияттың пойызы келгенше... Ауырмаңыз!

А Ғиният
Фото: из открытых источников

Биыл үкіметтегі әрбір министрлік 2023 жылдағы атқарылған істеріне қатысты қорытынды есебін жариялап жатыр. 

Министрлердің сөздерін тыңдап отырсаң 2023 жылы әрбір сала үшін өте сәтті һәм табысты жыл болғанға ұқсайды. Статистикалық мәліметтері де өте жақсы. Тек алға қарай өсіп отырғанын көруге болады. Бірақ шындығында солай ма?

Өз есебін жариялағандардың бірі – денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният. Оның есебі бұл салада Қазақстан ТМД елдері арасында оқ бойы озып, алға шыққандай әсер береді. Министрліктің мәліметінше, бұл салада 78 мыңнан астам дәрігер және 180 мыңға жуық орта медицина қызметкері жұмыс істейді. 2023 жылғы 11 айда стационарларда 3 млн-ға жуық адамға көмек көрсетілген, МСАК желісі 90 млн-нан астам адамды қабылдаған, 360 мыңнан астам нәресте дүниеге келген, ал жедел медициналық жәрдемнің күшімен 8 млн-нан астам шақырту бойынша көмек көрсетілген. Биыл 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жалпы өлімкөрсеткіші 5,7%-ға, қан жүйесі ауруларынан өлім 6,9%-ға, қатерлі ісіктерден 0,6%-ға, жазатайым оқиғалар мен уланулардан 4,2%-ға, тыныс алу ағзаларының ауруларынан 4,7%-ға, туберкулезден 22,1%-ға, нәресте өлімі 9,6%-ға, ана өлімінің көрсеткіші 24,4%-ға төмендеген. Өлім төмендеп, көрсеткіш жоғарылағаны елімізде денсаулық сақтау жүйесі дамып кетті дегенді білдіре ме? Ескірген материалдық-техникалық база, кадртапшылығы, медициналық қызмет көрсету сапасының төмендігі, сапаны жақсартуға еш маманның ұмтылмауы – тізіп айта берсең,таусылмайтын мәселелер шыға береді. Мысалы, биылғы МӘМС-тегі проблемалардың өзі атан түйеге жүк болғандай. Тіпті оны мәжілісдепутаттары да көтеріп, қайта-қайта сұрау салды. Бірақ баяғы жартас сол жартас, селт еткен министрлік болмады.

«Жас Алаш» денсаулық сақтау министрлігініңбиылғы қорытынды есебіне байланысты дәрігерлерге хабарласып, пікірін білді.

Медицина ғылымының докторы, профессор Жұбан Тілеубергенов: «Ажар Ғиният медицина саласын алға сүйрей алмайды»

– Бізде медицина саласы өте нашар. Өзбектерді қойып, қырғыздардан қылып қойдық. Ажар Ғиният кеше жылдық қорытынды жасапты. Көріп қаным қайнап отырды. Бұл министр медицина саласын алға сүйрей алмайды. Қолынан келмейді. Оның орнына айдарынан жел ескен ғалым отыруы қажет. Медицина саласын ғылыммен байланыстырып дамыту керек деп есептеймін. Мысалы, мен медицина саласында 50 жылға жуық уақыт жұмыс істеп жүрсем де, алтын тақ берсе де министр болуға бармайтын едім. Адам өзінің шамасын білуі керек. Маған ұшақ беріп «өзің басқарып ұш, ұшақ сенікі болады» десе, мен оны жүргізеалмаймын ғой. Ажар Ғинияттікі де осындайіс. Ол ғылыммен айналыспаған адам. Ғылыми журналға бір бет мақала жазбаған, аудиторияда лекция оқымаған маман. Сондықтан қалай министр болады? Медицинада жемқорлық деген ушығып тұр. Дәрігерлер жылап жүреді. МӘМС туралы кезінде айттық, жаздық. Стоматолог МӘМС арқылы бір адамның 52 тісін емдепті. Мүмкін емес қой бұл. Бәрі алдап, ақша алғысы келеді.МӘМС бізге тиімсіз, оны құртпай, медицина дамымайды. Соған қарамай, бұл жобаны енгізді. Өткенде депутат Бақытжан Базарбекминистрден 1 трлн-ның есебін сұрады. Жылсайын еліміздегі медицинаға 2 трлн-нан асаақша бөлінеді. Соның 1 трлн теңгесі қайда кетіп жатыр? Ешкім білмейді. Қысқасын айтқанда, медицина саласында мақтайтын ештеңе жоқ. Қызметкерлерінде мотивация жоқ. Осындай нәрселерге көніп жүрміз. Ал жас мамандар көнбейді, тыңдамайды. Ағылшын тілін үйреніп, шетелге жұмысқа кетіп жатыр. Тіл білмеймін, әйтпесе мен де кетер едім.

2023 жылы Астана қаласының прокуратурасытексеріс жүргізген. Нәтижесінде 2 500 адам негізсіз қызмет алған, олардың арасында марқұмдар да барболып шыққан. Салдарынан бюджетке жүздегенмлн теңге шығын келтірілген.

«Халық денсаулық сақтау министрлігіне сенбейді»

​Қазіргі медицина саласындағы қызмет көрсетуге халықтың көңілі толмайды. Кейбірбағдарламалардың тиімсіз екенін сол саланың қызметкерлері де айтып келеді. Жыл сайын бірнеше бағдарлама енгізіліп, есеп берілгенімен,нәтиже баяғыдай. Невропатолог Қайырғали Көнеев те медицина саласындағы кейбір кемшіліктергетікелей денсаулық сақтау саласындағы басшылардың кінәлі екенін айтады.

«Қазақстанда медицинаның сапасы өте төмен. Қолжетімділік жоқ. Халықтың бәрі Астана мен Алматыда тұрмайды. Ауылдық жерде жағдай жасалмаған. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін ақша артып жатыр, бірақ жағдай баяғыдай. Халықтың денсаулығын ешкім де ойлап жатқан жоқ. МӘМС-ті айтамыз, неге біз оның жолын қиындатып қойдық? Әрбір адам медициналық сақтандыру жасайды. Бірақ емделейін десе әртүрлі себепке байланысты тегін ем алмайды. Енді ол ақшалардың бәрі жоғарыдағылардың қалтасына кетеді. Жасырудың еш қажеті жоқ. МӘМС-ке ақшаны көбіне мемлекет бөледі. Ал жұмыс істеп медициналық сақтандыру төлейтіндердің ақшасы тиын ғана. Үкіметтің өзі қаражатты мына қалтадан алып, мына қалтаға салады. Меніңше, мұны әдейіақша ұрлау үшін істейді.

Биыл қызылша ауруы әлемде өршіп тұр,Қазақстанда жағдай тіпті күрделі. Статистика бойынша үшінші орынға шығып кеттік. Бұған Елжан Біртановтің тікелей қатысы бар. Себебі оған дейін халықтың 98 пайызы екпе алып жүрген. Біртанов екпе туралы сөз қозғады. Бітті, халық екпеден бас тарта бастады. Қазіргі күнде екпеге байланысты министрлік тарапынан түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бірақ халық оны қабылдағысы келмейді. Бір сөзбен айтқанда, біздің денсаулық сақтау министрлігіне сенбейді.

Ажар Ғиният биылғы медицина саласы бойынша қорытынды сөзінде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы арқылы шалғай ауылда тұратын тұрғындарға көмек көрсетілгенін айтты. Мұның өзі мүлдем дұрыс емес бағдарлама. Пойыз келді, кетті. Ары қарай халық не істейді. Келесі пойызды күтіп отыра ма? Әр ауылда жергілікті амбулаториялық орталық болуы керек. Оның бәрін жасауға бізде маман жетеді. Денсаулық сақтау министрлігі маман жетіспейді деп жиі айтады. Біз санадық, әлем бойынша керісінше, бізде мамандаржұмыс таба алмай жүр. Олардың бәрін дұрыс пайдалану керек. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті отбасылық дәрігер көрсетеді. Алғашқы диагнозды да сол қояды. Бұл дәрігер поликлиникаға қарайды, ол облыстық денсаулық сақтау саласына бағынышты. Мұның бәрі МӘМС-тен бөлінетін ақшаға аузын ашып отырған аш адамдар. Бірақ жұмыстың бәрін отбасылық дәрігер атқарады. Оның үстінде тұрғандарды алып тастаса, жағдай жақсарады. Ол үшін жеке кәсіпкерлікті енгізу қажет. Кейбір Шығыс Еуропа елдерінде осы әдісті қолданады. Олардың әрқайсысымен мемлекет келісімшартқа отырады. Сонда отбасылық дәрігердің үстінен қарайтын бастығы, бас дәрігері, облыстық денсаулық сақтау басқармасы деген болмайды. Ақшаның бәрі тікелей дәрігердің өзіне түседі. Дәрігер 2-3 ауылдағы адамдарға қызмет көрсете алады. Құрылғысын,көлігін сатып алады. Алғашқы көмегін көрсетеді, диагноз қояды. Қаражат дәрігерде қалады. Поликлиникаға берсе, қаржы ұрланып кетеді. Мұндай әдісті денсаулық сақтау министрлігі енгізгісі келмейді. Енгізсе, ақшасыз қалады. Егер осындай әдіс енгізілетін болса, кез келген дәрігер шалғай ауылдарға барып жұмыс істейтін еді. Оған қала не керек?! Миллион теңгесін алып, ауылда отыратын еді. МӘМС авторитарлық елде емес, ашық экономикалы елдерде тиімді. Еуропа міндетті сақтандыруды енгізіп, үлкен белестерді бағындырды. Коронавирус денсаулық сақтау жүйеміздің қандай екенін көрсетті. Енді соны жақсартайын деп ұмтылып жатқан бір адам жоқ. Себебі бұл салада басшылар уақытша отырады. Бір-екі жылдан кейін басқа салаға ауысып кетеді. Сондықтан жауапкершілік алмайды. Денсаулық сақтау жүйесі барлығын асырап отыр. Мұндай жағдайда даму болмайды», – дейді Қ.Көнеев.

Мамандар айтып жатқандай, медициналық салаға жылдан жылға бөлінетін ақша артып жатқаны да рас. Биыл 2,5 трлн қаржы бөлінсе, 2024 жылы бұл ақша көлемі 2 трлн 800 млрд теңгегеартады. Және қаражаттың басым бөлігі МӘМС жүйесіне аударылады. Көріп отырғанымыздай,депутаттардың, халықтың және сол сала мамандарының шырылдап, бұл жүйенің тиімсіздігін айтқанымен, нәтиже болмай тұр. Бәлкім, келер жылы да Ажар Ғиният (егер ауысып кетпесе) бейнекамера алдына жарқырап шығып, елдегі медицинаның сапасы туралы кіл жағымдыцифрдан тұратын есепті тағы да беретін шығар.

Айтпақшы, былтыр денсаулық саласы бойынша әлемдік рейтингте 95 елдің ішінен 52 орынға шықтық. «Ресей, Украина, Беларусь елдерін артқа тастадық» деп сүйіншілеген едік, ranking.kz-тің мәліметінше, биыл әлемдік рейтингте Қазақстан денсаулық сақтау саласында 89 ел арасынан 82 орынға бір-ақ түскен.

Тұрсынбек Башар