Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:30

Терроризмге жауап: Үндістан Пәкістанмен байланысын үзді

Үндістан мен Пәкістан
Фото: Steamcommunity.com

Кашмирдегі теракттан кейін Үндістан Пәкістанмен шекарадағы «Аттари» бақылау-өткізу пунктін жапты.

Үндістанның Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Викрам Мисридің мәлімдеуінше, шекараны кесіп өткен азаматтар 2025 жылғы 1 мамырға дейін сол бағытпен кері өте алады.

Сонымен қатар, екі ел арасындағы су ресурстарын бөлуге қатысты келісім — 1960 жылғы Инд өзеніне байланысты келісім де тоқтатылды. Бұл шешім Пәкістан трансшекаралық терроризмге қолдау көрсетуді “толық әрі қайтарымсыз түрде тоқтатпайынша” күшінде болады.

Үндістан билігі Пәкістан азаматтарына берілген визаларды да жарамсыз деп таныды.

«Пәкістан азаматтарына SAARC визалық бағдарламасы бойынша Үндістанға кіруге рұқсат берілмейді. Бұрын берілген барлық SPES визалары жойылды. Қазір Үндістанда SPES визасымен жүрген Пәкістан азаматтарына елден кетуге 48 сағат уақыт беріледі», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Үндістан Пәкістанның Жоғарғы комиссиясындағы қорғаныс, армия, флот және авиация мәселелері бойынша кеңесшілерін персона нон грата деп жариялап, оларға бір апта ішінде елден шығуды тапсырды.

Еске салайық, 22 сәуірде әйгілі тау шипажайы Пахалгамда қарулы адамдар туристер тобына оқ жаудырған. Соңғы деректер бойынша, 28 адам қаза тапқан.

Жауапкершілікті «Кашмир қарсылығы» атты топ өз мойнына алды. Олар бұл әрекетті өңірдегі демографиялық өзгерістерге қарсылық ретінде түсіндірді.