Неміс генералы: Ресей алдағы жылдары Германияға шабуыл жасамайды

Германия Ресей тарапынан жақын арада шабуыл күтуге негіз жоқ деп санайды.
Бұл туралы Бундесвердің генерал-майоры Андреас Хенне мәлімдеді. Оның айтуынша, Мәскеуге қатысты ұстамдылық саясатын ұстану қажет.
Жаңадан құрылған аумақтық қорғаныс дивизиясының командирі, генерал-майор Андреас Хенне 4 тамызда Focus журналына берген сұхбатында Германияға алдағы бірнеше жылда Ресей әскерінің басып кіруінен қорқудың қажеті жоқ екенін айтты.
Хенне Балтық елдерінде Ресейден келетін қауіпке байланысты “іргелі мазасыздық” барын мойындады. Алайда ол Мәскеу НАТО елдеріне жақын арада шабуыл жасайды деген пікірмен келіспейді.
“Бұл жағдайда алаңдауы тиіс біз емес, Ресейдің өзі. НАТО-ға кез келген ел оңайлықпен қарсы келе алмайды. Ал Ресей Украинада батпаққа батып қалды, әрі қарай ілгері шабуыл жасауға қауқарсыз. Мұны мен әскери сарапшы ретінде айтып отырмын. Ресейге қатысты ештеңені жоққа шығаруға болмайды, бірақ жеке өз басым алдағы уақытта бейбіт жылдар күтіп тұр деп есептеймін”, - деді Хенне.
Ол Ресей әскерінің дәстүрлі түрде шабуылға шығуы мүмкін бе деген сұраққа: “Жоқ, мен қазіргі уақытта ондай қауіп көріп тұрған жоқпын”, - деп жауап берді.
Генералдың айтуынша, Ресейдің Украинаға басып кіруі Еуропадағы қауіпсіздік жағдайын түбегейлі өзгертті. НАТО бұл жағдайға бейімделіп, жаңа құрылым әзірледі. Бұл құрылым күштерді НАТО-ның солтүстік-шығыс шебіне жедел жеткізуді көздейді.
“Бұл – біздің Ресейге қорғанысқа байыппен қарайтынымызды көрсетуіміз. Мұны біз ұстамдылық деп атаймыз. Егер біз осы бағытта мықты болсақ, онда Ресеймен тікелей әскери қақтығысқа түспей қалу ықтималдығы жоғары”, - деді Хенне.
Оның айтуынша, егер НАТО-ның негізгі күштері Балтық елдеріне жіберілсе, Германия аумағы маңызды логистикалық орталыққа айналады. Ал оны қорғау міндетін жаңа аумақтық қорғаныс дивизиясы атқарады.
Генерал Ресей әскерінің Германия аумағындағы әлсіз нүктелерді, мысалы, автокөлік пен теміржол көпірлерін, электр қосалқы стансаларын дрондармен соққы жасау үшін нысанаға алуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алайда бұл қауіп әзірге “тек теория жүзінде” ғана, қазір Германия қауіпсіз жағдайда тұр.
Сонымен қатар Андреас Хенне Германия азаматтарын әскери қызметтен қашпауға шақырды. Оның пікірінше, бұл — сөз бостандығы мен еркін қозғалыс сияқты маңызды құндылықтарды қорғаудың жолы.
“Егер Ресей жеңіске жетсе, біз — Батыс елдері — бұрынғыдай өмір сүре береміз деп ойлау қате. Мен тек бір нәрсені ұсына аламын: Ресейге қарап көріңіздер, Польша немесе бұрынғы ГДР-ден келген адамдардан сұраңыздар, олар кеңестік басқару кезінде бостандықтың қандай болғанын жақсы біледі”, - деді генерал.