Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:11, 31 Шілде 2025

Қыран қанатындағы кие

Шетел
Фото: БАҚ

Соңғы жылдары қазақ балалар әдебиеті жаңа тыныс алып, жаңаша қарқынмен дами бастады. Осыдан жиырма жыл бұрын бұл салада жарық көрген көркем туындылардың саны аз еді, болған күннің өзінде басым көпшілігін шетел әдебиетінен тәржімаланған шығармалар еншілейтін.

Шетел шығармалары жас ұрпақтың санасына өзге елдің болмысын сіңіріп, туған топырақтың рухани әлемін толық таныта алмайтыны анық.

Ал қазіргі кезеңде қазақ қаламгерлері баланың ішкі жан дүниесіне, таным әлеміне ұлттық бояумен жол тартуды мақсат етіп, өз қаһармандарын, өз табиғатын, өз құндылықтарын сомдауға белсене кірісті. Осы тұста экология, табиғат, жануарлар дүниесі секілді тақырыптарға арналған туындылардың маңызы айрықша. Мұндай шығармалар балалардың тек дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, оларды табиғатты аялауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға, тіршілік атаулыға мейіріммен көз салуға баулиды. Сол арқылы экологиялық сананы қалыптастырып, ұлттық дүниетанымның кеңістігін кеңейтеді. Жас оқырман өз өлкесінің табиғатын танып, туған даланың әрбір тіршілігін қадірлеуге үйренеді. Сондықтан табиғат тақырыбын арқау еткен отандық балалар әдебиеті тек танымдық міндет атқарып қана қоймай, адамгершілік пен экологиялық мәдениеттің бастау көзіне айналып отыр. Мәселен, осыдан бірер апта бұрын қалың көпшілікке таныстырылған «Дала қыраны – кие» кітабы сөзімізге анық мысал.

Суретші әрі жазушы Дарья Скляренконың бұл туындысының қаузаған тақырыбы – табиғат әлемінің қиындықтары, қауіп-қатер, махаббат пен достық. Кие есімді бас кейіпкердің басынан кешкендері мен сезімі кітаптың мазмұнын құрайды. Қыранның тұңғыш рет ұшып көтерілуі, алғашқы жыртқышпен бетпе-бет келу немесе серігінен айырылу – мұның бәрі табиғи ортадағы тіршіліктің нағыз көріністері. Ең ерекше есте қалғаны – кітап өзгеше иллюстрациялармен безендірілген. Акварель техникасы арқылы суретшінің қолынан шыққан әр парақ даланың иісін, құстың тынысын, табиғаттың үнін жеткізіп тұрғандай. Бұл тәсіл оқырманның жүрегіне де әсер етері анық. Байқасақ, Дарья Скляренко бұл еңбегінде тек қыранды ғана емес, тұтас далалық экожүйені таныстыруға тырысқан. Кітапта түрлі өсімдіктер, ұсақ аңдар, тіпті климат ерекшеліктері де табиғи түрде сипатталады. Автордың айтуынша, балаларға экологияны құрғақ тілмен емес, эмоциямен, бейнелеу арқылы жеткізу маңызды. Сонда ғана оларда табиғатқа жанашырлық, қоршаған ортаға деген ішкі жауапкершілік қалыптасады. Кітапты қазақ тіліне аударған филолог, редактор Назгүл Қожабектің еңбегін де атап өткен жөн. Байқасақ, аудармашы жұмысында бұрыннан қазақ мәдениетінде қолданылып жүрген құсбегілік терминдеріне сүйенген. Мәселен, дала қыранының балапаны – ақүрпек, еркегі – сарша немесе шәулі, ал ұрғашысы – ұябасар деп аталады. Бұл атаулар кітаптың қазақша нұсқасына енгізіліп, оған ұлттық реңк пен шынайылық береді.

Кейде адамзаттың қарқынды дамуы өзіміздің табиғи түп-тамырымыздан бізді әлдеқайдаалыстатып жіберген сияқты. Бетон мен әйнекке байланған қалаларда жүріп, аспандағы қыранныңқалай қалықтайтынын ұмытып кетеміз. Осындайда бала қолына «Дала қыраны – кие» секілді кітап тисе, ол тек құстың ғана емес, күллі жаратылыспен байланысын қайта таниды. Қиялмен көкке самғайды. Даланы көреді. Еркіндікті сезінеді. Бұл кітап дала шежіресін қыран қанаты арқылы шертетін үнсіз ұстаз секілді.

Сәруар Бақберген

Тегтер: