Жамбыл облысында тағы бір сарбаз қаза тапты
Жамбыл облысында тағы бір сарбаздың қаза болғаны белгілі болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, мерзімді әскери қызметкер снайперлік мылтықпен өзін-өзі атып өлтірген.
Бұл ақпаратты Бас прокуратура растады. Ведомствоның хабарлауынша, оқиға 27 қаңтар күні болған.
«27 қаңтарда Жамбыл облысында қаруды ұстау кезінде ауыр жарақат алған мерзімді қызметтегі әскери қызметкердің қайтыс болу фактісі бойынша ІІМ-нің әскери-тергеу органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу барысы Бас Прокурордың жеке бақылауында», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, 23 қаңтар күні Өскемен қаласындағы гарнизондардың бірінде қарауыл қызметін атқарып жүрген мерзімді әскери қызметші қаза тапты.
Алдын ала мәліметке сәйкес, сарбаз өзіне бекітілген қарудан өз-өзіне оқ атып, алған жарақатынан көз жұмған.
Қаза тапқан әскери қызметші өткен жылдың сәуір айында мерзімді әскери қызметке шақырылған.
7 қаңтарда да Қазақстанның Ұлттық ұланы Шымкент қаласында мерзімді әскери қызметшінің қаза тапқаны туралы хабарлаған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, әскери қызметшінің өліміне жедел лейкоз себеп болған.
14 қаңтарда Қазақстан армиясында тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. Ақтау гарнизонына қарасты Оймаша әскери полигонынан қайтып келе жатқан кезде келісімшарт негізінде қызмет атқарған кіші сержантты қызметтік КамАЗ көлігі қағып кеткен.