АҚШ Украинадағы атысты тоқтатуға қатысты талабынан бас тартты

Трамп Путинмен сөйлескен соң ұстанымын өзгертті.
Дональд Трамп Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі талаптарынан күтпеген жерден бас тартты. The New York Times дерегінше, бұл мәлімдеме Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін жасалған.
Трамп енді Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа сырттан араласудың қажеті жоқ деген пікірде. Ол “екі тарап бұл дағдарыстың шешімін өздері табуы тиіс” деп мәлімдеп, жаңа санкциялар енгізуді көздеген Еуропаның бастамаларына қосылудан бас тартты.
Бұл шешім Еуропада, әсіресе Германияда үлкен резонанс туғызды. Жаңа канцлер Фридрих Мерц бұған дейін АҚШ-пен иық тірестіре отырып, Ресейге ультиматум қойған болатын. Ол Вашингтонмен бірге Украинаға қолдау көрсету үшін кез келген шараға — соның ішінде санкцияларды күшейтуге дайын екенін айтқан еді.
Алайда Трамптың соңғы мәлімдемесі Мерцтің жоспарларына соққы болып тиді. Қазір Еуропа басшылары, әсіресе Франция президенті Эммануэль Макрон мен Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Туск АҚШ-тың бұл шешімінен кейін саяси вакуумда қалып отыр. Вашингтонның шет қалуы Еуропаның Ресейге қарсы бірлескен әрекеттерін әлсіретуі мүмкін.
Сонымен қатар бұл жағдай Германия канцлерінің халықаралық аренадағы беделіне де тікелей әсер етуі ықтимал. Егер ол уәде еткен шаралар жүзеге аспаса, бұл Фридрих Мерцтің сыртқы саясаттағы алғашқы ірі сәтсіздігіне айналуы мүмкін.
Украина мен Ресей арасындағы соғыс 2022 жылдан бері жалғасып келеді. Батыс елдері Украинаға экономикалық, әскери және саяси қолдау көрсетіп келеді. Алайда Трамптың таңдауы жағдайды түбегейлі өзгертуі мүмкін. Оның ұстанымы Еуропа мен НАТО елдеріне қауіпсіздік пен стратегия тұрғысынан жаңа дилеммалар тудырып отыр.