Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:40

Еуропа Кеңесінің қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы Конвенциясына қосылуға шақыру туралы

Прокуратура
Фото: ашық дереккөз

2025 жылғы 18 маусымда Еуропа Кеңесінің Министрлер Комитеті Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы бастамашы болған қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы Еуропа Кеңесінің Конвенциясына қосылу жөніндегі өтінімді мақұлдады.

Аталған Конвенцияға қосылу қазақстандық құқық қорғау органдарына қылмыстық істер бойынша дәлелдемелер жинауға, заңсыз жолмен шетелге шығарылған активтерді елге қайтаруға, сондай-ақ қылмысқа қарсы күрес және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларында 46 еуропалық мемлекетпен ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл қадам елімізде жүзеге асырылып жатқан «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасына сәйкес, заңдылықты халықаралық деңгейде нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясатпен ұштасады.

Сонымен қатар бұл көпжақты халықаралық құжатқа қосылу Қазақстанды қылмыспен күрес саласында әрбір еуропалық мемлекетпен жеке екіжақты шарт жасасу қажеттілігінен босатады.

Айта кету керек, Қазақстан осы Конвенцияға қосылуға 20 жылдан астам уақыт бойы ұмтылып келеді. Алайда бұрынғы өтінімдер Еуропа Кеңесіне мүше кейбір мемлекеттердің қарсылығына байланысты қабылданбаған еді.

Осы жолғы шақыру – Қазақстанның қылмыстық-құқықтық жүйесіне, соның ішінде заң үстемдігіне, адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына еуропалық қауымдастық тарапынан білдірілген сенімнің айқын белгісі. Бұл – қазақстандық прокурорлар мен дипломаттардың көпжылдық табанды еңбегінің жемісі.