Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:36, 28 Шілде 2025

Таиланд пен Камбоджа сөзсіз бітімге келісті

Камбоджа
Фото: БАҚ

Бұл келісім 28 шілде күні түнгі сағат 00:00-де күшіне енеді. 

Бұл туралы Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагим екі ел басшыларының өз резиденциясында өткен келіссөздерінен кейін хабарлады.

Соңғы бірнеше күнде Таиланд пен Камбоджа шекарасында қақтығыстар тоқтамай келеді. Қанды қақтығыстарға себеп — Прэахвихеа храм кешені маңындағы даулы аумақ үшін күрес. Қаза тапқандар саны ондаған адамға жетті. 26 шілдеде БАҚ ұрыс қимылдарының Паттайядағы танымал теңіз курортына дейін жақындағанын хабарлады.

Камбоджа премьер-министрі Хун Манет пен Таиландтың уақытша премьері Пхумтам Вечаячай атысты дереу тоқтатуға дайын екендерін білдірді. Бұл туралы келіссөздерге делдал болған Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагим мәлімдеді.

Келісім 28 шілде күні түнгі сағат 00:00-де (Астана уақытымен 19:00-де) күшіне енеді.

«Бұл – жағдайды ушықтырмауға және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қалпына келтіруге бағытталған маңызды алғашқы қадам», -деді Анвар Ибрагим. Оның айтуынша, атысты тоқтату режимі күшіне енгеннен кейін, 29 шілдеде қос тараптың әскери өкілдері бейресми кездесу өткізеді.

Хун Манет келіссөздерді «өте жақсы кездесу» деп атап, ұрысты «дереу» тоқтатуға үміттенетінін жеткізді. Ол Малайзия басшысына, АҚШ президенті Дональд Трампқа және Қытай үкіметіне делдалдық үшін алғыс айтты. Сонымен қатар тайлық әріптесі Пхумтам Вечаячайдың келіссөздерге «құнды үлес қосқанын» ерекше атап өтті.

«Келіссөздердің нәтижесі екі елдің жүздеген мың азаматы үшін қалыпты өмірге оралуға зор мүмкіндік береді», - деді Камбоджа премьер-министрі Хун Манет. Ол сондай-ақ Камбоджа мен Таиланд арасында «сенім мен болашаққа деген үмітті қалпына келтіретін уақыт келгенін» айтты.

Одан кейін сөз алған Таиландтың уақытша премьер-министрі Пхумтам Вечаячай атысты тоқтату туралы келіссөздер «адал және шынайы» өткенін мәлімдеді. Ол Таиландтың бейбітшілікке берік екенін атап өтті. Осыдан соң баспасөз мәслихаты аяқталып, қос елдің басшылары бір-біріне қол беріп, журналистердің сұрақтарына жауап берместен залдан шығып кетті.

Еске салайық, соңғы айларда Камбоджа мен Таиланд арасындағы шиеленіс күшейіп, екі тарап та қақтығыстың өршуіне бір-бірін айыптады. Таиланд өз шекарасындағы өткізу бекеттерін жапты. Бұған жауап ретінде Камбоджа Таиландпен дипломатиялық қатынастар деңгейін төмендететінін мәлімдеп, корольдіктің елшісін елден шығарып, Таиландтағы өз дипломаттарын кері қайтарды.