Қостанайда Ресей мерекесін өткізгендерге айыппұл салынды

Қостанайда Ресейдің Әскери-теңіз күштері күніне арналған іс-шара ұйымдастырған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оларға жергілікті әкімдіктің келісімінсіз жиын өткізгені үшін 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Оқиға 27 шілде күні болған. Қостанайда бір топ азамат Ресейдің әскери-теңіз күштеріне арналған шара өткізгені туралы ақпарат тараған болатын. Алайда бұл шара Қостанай қалалық әкімдігінің ресми рұқсатынсыз өткен.
Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Олжас Дүйсеков бұған дейін ұйымдастырушыларға әкімшілік жаза қолданылатынын мәлімдеген еді. Айыппұл ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің “бейбіт жиналыстар өткізу тәртібін бұзу” бабына сәйкес салынған.
Айта кетейік, Қазақстанда Әскери-теңіз күштері күні ресми түрде 2 сәуірде аталып өтеді. Бұл күн 1993 жылы еліміздің тұңғыш әскери-теңіз күштері құрылған уақытқа орай белгіленген.
Сарапшылар мен қоғам белсенділері өзге елдің әскери мерекесін Қазақстан аумағында өткізуге болмайтынын, мұндай әрекеттердің қоғамдық-саяси ахуалға әсер етуі мүмкін екенін айтып, дабыл қаққан болатын.