Қазақстан мен Өзбекстан алтынды күреп сатып алып жатыр
2025 жылдың маусымында Қазақстан мен Өзбекстан әлемдегі ең ірі алтын сатып алушылардың қатарына енді.
Дүниежүзілік алтын кеңесінің мәліметінше, Қазақстан бір айда 7 тонна, ал Өзбекстан 9 тонна алтын сатып алған.
Жалпы алғанда, маусым айында әлем елдерінің орталық банктері 22 тонна бағалы металл сатып алыпты. Бұл көлемнің жартысынан көбін тек осы екі мемлекет иеленіп отыр.
Салыстырмалы түрде алғанда, басқа елдердің үлесі аз болған:
- Қытай, Чехия және Түркия – әрқайсысы 2 тонна алтын сатып алған;
- Қатар, Гана, Филиппин және Қырғызстан – әрқайсысы 1 тоннадан сатып алған.
Ал алтын қорын азайтқан жалғыз мемлекет – Сингапур. Бұл елдің валюта басқармасы 6 тонна алтынды сатқан.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында әлем елдерінің орталық банктері жалпы көлемі 123 тонна алтын сатып алған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аздап төмен – 130 тонна болған еді.
Ал таза сатып алу көлемі бойынша биыл көш бастап тұрған ел – Польша. Бұл елдің Ұлттық банкі 67 тонна алтын сатып алған. Одан кейінгі орында – Әзербайжанның Мемлекеттік мұнай қоры (SOFAZ). Ол 35 тонна, ал Қазақстан Ұлттық банкі 22 тонна алтын алған.
Осылайша, Қазақстан жаһандық алтын нарығындағы басты ойыншылардың қатарынан көрініп отыр.