Brainrot: шіріген ми немесе жем іздеген көгершін

Нейробиологтар соңғы жылдары адамның әлденеге көңілін қойып, зейінін шоғырландыру процесінің жалпы уақыты 8 секундқа дейін қысқарғанын айтады. Бұл, ең қызығы, балықтікінен де қысқа екен.
Зейін – адамның рухани болмысының негізі. Ол болмаса, терең сезіну де, байыпты ойлау да, іздену мен үйрену де, түйсініп, пайымдау да жоқ. Ал мұндай адам манипуляцияға бейім болады. Бұл тұрғыдан келгенде әлеуметтік желінің дамуы, кез келген ақпаратқа оңай қол жеткізу еркіндік емес, керісінше, құлдықтың жаңа түрін жасап шығып жатқан сияқты. Өткен жылы Оксфорд сөздігі жыл сөзі ретінде brainrot тіркесін атаған еді, мұны қазақшаға аударсақ, мидың шіруі деген ұғымға саяды. Ғалымдар бұл ұғымды адамның қисынсыз ақпарат пен сапасыз контентті тым көп тұтынуы салдарынан психикалық немесе интеллектуалдық күйінің нашарлауы деп түсіндіреді.
Brainrot тіркесінің жыл сөзі болып саналуының өзі көп жылдардан бері қалыптасып жатқан адам өміріне тікелей әсер ететін қауіпті рухани дерттің шарықтап тұрғанын меңзейді. «Brainrot» тек оның салдары.Шынында, бүгінгі қоғам ақпараттың артықтығынан зардап шегіп отыр. Әрбір хабарлама, видео, пост «өте маңызды», «назар аудар» деген ескертулермен қабылданады. Дегенмен солардың басым көпшілігінің нақты өмірімізге қатысы жоқ. Зейін мен уақытымыздың көп мөлшерін осындай өтіріктер иемденіп жатқанда, адамның ішкі әлемі босап, миы шіріп жатқандай күй кешеді. Әлеуметтік желі мен қызықты видеолар сол бос кеңістікті толтырғандай көрінгенімен, шын мәнінде, ол сол кеңістікті тіпті де тереңдете түсетінін бірі білсе, бірі білмес. Қазіргі таңда ақпарат тасқынының тоқтаусыз ағылып, әрбір сәт сайын жаңарып, түрленіп, ескіні ығыстырып отыруы – ешкімнің де таңданысын туғызбайтын үйреншікті жағдайға алып келді. Алайда осы күнделікті әдетке айналып кеткен үрдістің адам санасы мен ішкі жан дүниесіне, рухани кеңістігіне тигізер салдары, әсері мен ықпалы орасан.
Өткен ғасырдың елуінші жылдары Скиннер есімді психолог көгершіндерге біреу басса, жем беретін түйме орнатқан. Егер жем тұрақты түрде беріліп тұрса, құстар да сол сәтін күтіп отыратын болған. Ал егер сыйақы кездейсоқ, күтпеген уақытта берілсе, көгершіндер де түймені тоқтамай баса береді екен. Бүгінгі әлеуметтік желілердің барлығы дерлік осындай принциппен жұмыс істейді. Адам миы мұндай ақпараттар ағынына, цифрлық қарқынға әлі дерлік толық бейімделіп үлгерген жоқ. Біз де сол көгершіндер секілді тоқтамай «дәнді» іздей береміз. Бір қарағанда, brainrot – зейіннің үзілуі, бірақ ол жай ғана назары шашыраған адамның кейпі емес. Ол – шоғырлануға тырысқанымен, үнемі бөгеліп, үзілген сананың күресі. Бүгінгі қоғамда көпшілік үшін түрлі әлеуметтік желілердегі шексіз бейнематериалдарға қадала қарап отыру – күнделікті машық, кәдуілгі ермекке айналған. Алайда сырт көзге залалсыз көрінетін осы дағдының астарында терең әрі қауіпті зардаптар жатқаны даусыз. Осы «қауіпсіз» ермектің артында тұрған зор кесел салдары күллі жаһанның ертеңгі күніне күмәнмен қарататыны анық. Алайда «ми шіруі» – бір күнде пайда болған рухани дерт емес. Ақыл-ой мен зейіннің желі ағынында үгітіліп, назардың бытырап, танымдық қабілеттің әлсіреуі – бұл үрдістің тек бастамасы. Ғалымдардың зерттеуінше, адам санасындағы оперативті жады осыдан 30 жыл бұрын 15–20 минут болса, қазіргі таңда 7 минутқа дейін қысқарып кеткен. Яғни кездейсоқ адам көрген немесе естіген ақпаратты небәрі 7 минут есінде сақтауы мүмкін. Ал қазіргі «Z» ұрпақтың өкілдерінде бұл небәрі 5 минутты құрайды. Мұндай құбылыс жаһандық ауқымда адамзаттың ертеңгі тағдырына алаңмен қарауға негіз тудырып отыр. Кітап оқуға ниеттеніп, бір абзацтан кейін телефонды қарап кету, ойды жалғастырғың келіп тұрған сәтте ішіңнен әлдебір бейнемәтін үзіндісінің пайда болуы – бәрі осы феноменнің салдары. Бұл, әрине, өзекті тақырып, сондықтан да біз мұны мамандардың талқысына салдық, Brainrot-тың қыр-сырына үңілдік. «Жас Алаштың» сауалына философ Дінмұхамед Байжұма, әлеуметтанушы Медеубек Асабайұлы және саясаттанушы Есхат Мәден қатысты.
Дінмұхамед БАЙЖҰМА
Адам жаңа формадағы құлдыққа жақындап келеді
Brainrot құбылысының философиялық астарына үңілсек, бүгінгі адамзаттың рухани жай-күйінің айқын көрінісін байқаймыз. Өйткені техниканың қарқынды дамуы мен ақпараттың шектен тыс легі адамның менталды қалпына тікелей әсер ете отырып адамды адам еткен білім мен өнердің бүгінгі құндылығы мен болмысын да өзгертті. Бұл үрдістің негізгі алғышарттары ретінде, әрине, әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы мен контенттің түрленуін айтамыз. Ортақ игілік ретінде туындаған прогресс қазіргі таңда расымен де регреске айналды.

Әлеуметтік желілер бастапқыда байланыс құралы ретінде пайда болғанымен, бүгінде олар адамның ойлау қабілетін тежейтін, өзіндік пікір қалыптастырудан алыстататын үлкен күшке айналды. Оны бүгінгі таңда «бесінші билік» ретінде де қарастыруға болады. Көзге жылтырақ, көңілге жеңіл, бірақ мазмұны жоқ дүниелер адамның санасын жаулап алды. Ақпараттың көлемі артқан сайын, соның мағынасы азайып барады. Адам тез тұтынып, тез ұмытып, келесі бір «тартымды» көрініске ұмтылатын бейсаналы тұтынушыға айналды. Бұл – ой еңбегінен безу, мәнсіздікке үйрену, рухани жалқаулықтың айқын белгісі. Жеке адам бойынан басталған бұл құбылыс тұтас қоғамның келбетіне әсер етеді. Санасы таяз ұрпақ елдің ертеңін кемелдендіре алмайды. Күлкі мен ойынға құмарланған сана шындықтың салмағын көтере алмайды. Өмірді тек көңіл көтерудің құралы ретінде қабылдаған адам үшін еңбек, парыз, тәрбие, дін, дәстүр, құндылық түкке тұрғысыз артық жүкке айналады. Мұндай адам ақиқаттан алыстап, өтіріктің шырмауына түседі. Бұл «ермекті», анығында, қалыпты тәуелдіктің бір түрі ретінде тану керек. Өйткені адам өзінің құралына тәуелді болып қалды. Бұл жағдайдан шығудың жалғыз жолы – ойлау мәдениетін қайта жаңғырту, ішкі өмірге бет бұру, мән іздеуді қайта үйрену. Тұтынып отырған ақпаратты сұрыптау. Нағыз еркіндік – сырттан емес, санадан басталады екенін ұғу керек.
Адам болу – бұл бір сәттік күй емес, керісінше, үздіксіз жүретін күрделі әрі терең процесс. Бұл – адамның өз-өзімен ішкі күресі. Бұл жолда адамның бойында этикалық (ар-ождан, жауапкершілік) және эстетикалық (сұлулыққа, үйлесімге ұмтылу) талғам қалыптасуы аса маңызды. Ал егер адам өз назарын мазмұнсыз, құндылығы жоқ ақпаратқа бағыттап үйреніп алса, уақыт өте келе оның зейіні әлсірейді, назар аудару қабілеті төмендейді. Яғни тереңдікке емес, үстірттікке үйреніп алады. Мұндай жағдайда, философиялық тұрғыдан, адамның өзіндік «Менін» жоғалту қаупі артады. Яғни адам өз өмірінің билеушісі болудан қалады. Ол енді ойы мен шешімін өзі емес, сырттан келген контент арқылы қалыптастырады.
Расында да, қазіргі қоғам ойлаудан гөрі тұтынуға бейім, әрі бұл тенденцияны жай ғана мәдени өзгеріс емес, адамның рухани дағдарысының айқын белгісі деп қарастыруға толық негіз бар. Француз ойшылы Жан Бодрийяр біздің бүгінгі өмір сүріп жатқан қоғамды «La société de consommation» (Тұтыну қоғамы) деп айқындаған еді. Айта кету қажет, Бодрийярдың көзқарасы бойынша, тұтыну – бұл жай ғана заттарды олардың утилитарлық қызметі үшін пайдалану емес, ол ең алдымен адамның болмысы мен дүниетанымының түбегейлі өзгерісін білдіреді. Ол таңбалар арқылы жүзеге асады. Ал ол таңбаларды әлеуметтік желілердің қисынсыз мазмұны тудырады. Қазіргі қоғамда адамдар тауарды оның қызметі үшін емес, символикалық мағынасы үшін сатып алады. Мысалы, қымбат киімді сатып алу – денені жабу емес, трендтен қалмау үшін жасалады. Ал әлеужелілер өмірді алмастырды. Ақпараттың көптігі адамның еркіндігін кеңейтпеді, керісінше, оны жаңа типтегі құлдыққа жақындатып отыр. Ең қорқыныштысы – адамдардың бұл құлдықты ерікті түрде қабылдап, оған саналы түрде мойынсынуы.
Медеубек АСАБАЙҰЛЫ
Алғашқы 10 секунд эмоция сыйлау керек
Бүгінгі қоғамда кез келген ақпаратқа қол жеткізу – бұрын еркіндік пен білім көзі ретінде қарастырылатын. Алайда қазіргі уақытта бұл құбылыс екіұшты сипатқа ие болды. Ақпарат көптігі адамды азат етуден бұрын, оны бағытсыз, мақсаты жоқ тұтынушыға айналдырды. Ақпараттың тым арзан әрі қолжетімді болуы адам миын сүзгіден өтпейтін, мәні жоқ деректермен толтырып, оның тану, білу, ойлану сынды қабілеттерін әлсіретеді. Осы тұста «адам ақпаратты иелене ме, әлде ақпарат адамды иелене ме» деген сұрақ туындайды. Көп жағдайда екінші нұсқа шындыққа жақын. Себебі ақпаратты сұрыптау мәдениеті қалыптаспаған сана – ақпарат ағынында еркін жүзе алмайды, керісінше, тұншығып, бағытынан адасады. Шынымен-ақ қазіргі адам ойлаудан гөрі тұтынуға бейім. Бұл – кездейсоқ болған құбылыс дей алмас едім, жүйелі түрде қалыптастырылған жаңа мәдени үлгінің көрінісі. Технологиялық капитализмнің түпкі логикасы – адамды үнемі көбірек тұтынуға итермелеу. Осы контексте brainrot – жай ғана жастар сленгі емес, адамның рухани күйінің клиникалық диагнозы іспетті. Бұл симптом адамның шынайы болмыстан алшақтап, жасанды визуалдық шындықтарға тәуелді болуынан, өзіндік рефлексиядан алыстап, сыртқы имитациялармен өмір сүруінен туындайды. Қазіргі адамның рухани дағдарысы – тұтыну мен шынайы болмыс арасындағы алшақтықтан туындайтын экзистенциалды күйзеліс. Оны қазір «қуыскеуде» деп те атап жүргенін естіп қалдым. Ендеше, ақпараттың шексіз әрі қолжетімді болуы еркіндіктен гөрі, керісінше, құлдықтың жаңа формасы, сананың отарлануына ұласып бара жатыр. Ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі бұрын-сонды болмаған деңгейге жеткенін қазір әлем философтары мен әлеуметтанушылары мойындап жүр. Сәйкесінше, осы құбылыстар адамның рухани әлемінде де үлкен төңкерістер жасап жатыр. Сіз қозғап отырған brainrot ұғымы адамның ұзақ уақыт бойы төмен сапалы, жеңіл әрі мазмұнсыз контентке ұдайы ұшырауының нәтижесінде сана құрылымының деградацияға ұшырауын білдіреді. Бұл құбылыстың тамырына үңілсек, ол жай ғана технологиялық прогрестің емес, адамның болмысына, дүниетанымына әсер ететін мәдени-әлеуметтік кризистің нәтижесі екенін көреміз. Біріншіден, brainrot феноменінің негізгі себебін әлеуметтік желілердің шексіз үстемдігінен іздеген орынды. Цифрлық платформалар – бізге еркіндік, білім, байланыс, көңіл көтеру ұсынғандай көрінгенімен, шын мәнінде ол жүйелер адам психикасын басқарудың жаңа механизмдерін жасап үлгерді. Мысалы, TikTok, Instagram Reels немесе YouTube Shorts сынды платформалар қысқа, жеңіл-желпі, жылтырақ видеолар арқылы адамның назарын тез жаулап алып, ойлау процесін үстірттікке, үздіксіз алаңдауға итермелейді.

Қазіргі таңда осы TikTok, Instagram Reels, YouTube Shorts сынды платформаларда қысқа, бір қарағанда күлкілі немесе әсерлі көрінетін, бірақ мазмұны жағынан мәнсіз контенттің көбеюі тек біздің қоғамда ғана емес, жалпы жаһандық сипат алып жатқаны рас. Бұл желілердің алгоритмдері адамның қызығушылығына бейімделіп, оны контент спиралына тарта түседі. Алғашқы 10 секундта эмоция сыйламаса, ол контент «сәтсіз» саналады. Бұл ақпарат ағынының толассыздығы адамның терең ойлау қабілетінен айырып, оның тек пассивті тұтынушыға айналуына себепкер болып отыр. Осыдан келіп адамның зейіні тұрақсызданып, ұзақ мәтін оқу, терең ойға шому, ішкі үнін тыңдау секілді қабілеттер біртіндеп әлсірей береді. Brainrot ұғымын, байқасақ, кейбір зерттеушілер уақытша мәдени дағдарыс ретінде қарастырса, енді біреулері оны адамның таным әлеміндегі өзгеріс деп қабылдайды екен. Яғни бұл жай ғана зейіннің әлсіреуі емес, жаңа типтегі ақпаратты тұтыну мен қайта өңдеу формасына өту. Біз бұрын бір тақырыпты терең зерттеу арқылы таным қалыптастырсақ, қазір ол таным – фрагменттер арқылы, мозаика секілді қалыптасады-мыс. Бұл мозаикалық таным өз кезегінде жаңа мәдениеттің үлгісіне айналып отыр. Мысалы, интернет-мемдер, ирониялы постмодерндік юмор, референстерге құрылған шығармашылық – бәрі де brainrot мәдениетінің өнімдері. Тіпті кейбір жастар тек осындай контент арқылы өзара түсінісіп, эмоция алмасып жатады. Бұл дәстүрлі мағынада «саналы» болудан гөрі, «бірдей коды бар» ортақ мәдени кеңістікте өмір сүру деген сөз.
Бірақ бұл дағдарыстан шығудың, бұл құбылыстан құтылудың жолы жоқ деген сөз емес. Күресудің алғашқы қадамы – тану. Біз өзіміздің ішкі әлемімізге не кіріп жатқанын саналы түрде қадағалауымыз қажет. Яғни медиалық гигиена бүгінгі таңда рухани гигиенаның бір бөлшегіне айналуы шарт деп ойлаймын. Ақпаратты тұтынуда таңдау мен сүзгілеу, уақыттың шектеулігін түсіну, саналы үзілістер жасау, яғни ағылшынша digital detox дейді ғой, міне, осылар адам санасы мен ойлау қабілетін сақтау үшін аса қажет дер едім.
Есхат МӘДЕН
Адам болмысы тереңдікке мұқтаж
Мұндай үрдіс әлеуметтік желінің кеңінен тарауы мен кез келген ақпаратқа оңай қолжетімді болуы салдарынан туып отырғанын білеміз. Осы уақытқа дейін адам санасы ұзақ уақыт ақпаратты мәжбүрлі түрде қабылдап жүрді. Телевизор көрді, радио тыңдады. Бірақ ол жақтағы ақпаратты мәжбүрлі түрде қабылдайтын. Жылдамдата алмайсың не басқа фильм, контентке ауыстыра алмайсың. Ұнамай жатқан жағдайда тек басқа телеарнаға ауыстыруға мүмкіндік болатын. Азғантай ақпарат, шектеулі контент қана болды. Бұл үрдістің бастауында осы кезең тұр десек болады. Ал әлеуметтік желінің шектен тыс қарқынды дамып, интернеттің барлық адамға бірдей қолжетімді болуы нәтижесінен адамда таңдау пайда болды. Әлеуметтік желілердің, мәселен, ең алғаш жаһандық сипат алып, сан мың қолданушы қатар тіркелген Facebook желісін алайық, кейін Вконтакте, Instagram, Tiktok сынды платформалар дамыды. Ендігіде, адам өзіне ұнайтын контентті іздеп, осы жақтардан көре бастады. Кейін адам бір минуттық, бірнеше секундтық видеолар тек бір саусақты жылжыту арқылы ғана танымал бола бастады. Адамға алдына шыққан контенттің бес секунды қызықтырса, соңына дейін қарайды. Ұнамаса, сол бір саусақпен жылжыта салады. Адамның алдында таңдау шектен тыс көп болды. Соның ішіндегі ең үздігін көру үшін Tiktok таптырмас әлеуметтік құралға айналды. Осы қысқа уақыт ішінде адамның тұтынатын контенті адам миында дофамин бөледі. Неғұрлым көп дофамин бөлген сайын, жүйелі тұтынған сайын, адам санасы соған үйреніп қалады. Ендігіде адам оқуға, үйренуге, зейін қоюға ерінеді. Сәйкесінше, кітап оқу, зерттеу, жаңа қабілет үйрену сынды процестерге қызығушылығы жоғалады.

Американың тарихына көз тастасақ, белгілі бір кезеңдерде араққа тәуелділік артқан. Немесе Қытайда бір кезеңдерде халық апиынға шектен тыс тәуелді болды. Сол секілді бұл да бір психологиялық апиынның рөлін ойнайды. Мұны жүйелі түрде, бәлкім, мемлекеттік деңгейде дұрыс күресетін болса, өзімізге тиімді мүдде ретінде пайдалануға болады. Көптеген мемлекеттерде «мидың шіруімен» күрес жүргізіп жатқанын байқап жүрмін. Мәселен, Қытайды алып қарайық. Қытайдың Tiktok-тың Қытай нарығына бейімдеген бір нұсқасы бар. Сол қосымшада жеңіл-желпі, болымсыз контенттерді рекке шығармайды. Және әр екі-үш сағат сайын «демалуың керек» дегендей ескерту беріп отырады. Әдетте мұндай контенттің, жеңіл-желпі контенттің тұтынушылары жастар болғандықтан, олардың құндылықтар әлемінде қазір үлкен өзгерістер, тіпті төңкерістер орын алып жатқаны да рас. Адамның енді қалыптасу кезеңінде өзінің ой-санасы мен психикасын жеңіл дофамин қабылдау – болмысыңды, болашағыңды арзан күлкі мен надандыққа жығып бере салумен бірдей. Міне, осының нәтижесінде терең іздене алмайтын не толымды пікір бере алмайтын ұрпақ қалыптасады.
Әлеуметтік желі, жалпы бұл тенденциялардың бәрі бір қуысты толтыру үшін дегенге келісе алмаймын. Адамның жаны, болмысы табиғатынан жаңа ақпарат, қабілетті білуді, ізденуді, үйренуді, жаңа нәрселерді қабылдауды қалап тұрады. Ал қазіргі әлеуметтік желі қандай да бір қуысты толтыру үшін емес, үйрену, зерттеуді қалаған жанның қажеттілігін басу үшін жұмыс істейді. Мәселен, адам жаны бостықтан, бірнәрсе ізденбегендіктен, үйренбегендіктен адам жаны қатты ауырады. Себебі өз табиғатына қарсы шығып отыр. Ал әлеуметтік желілер сол ауруды жазудың орнына, тек ауырсынуды басатын дәрінің қызметін атқарады. Бұрын адамдар поэзиядан, музыкадан, әдебиеттен шабыт алып, жан дүниесін «толықтырып» отыратын. Қазіргі жеңіл-желпі контентке ұшыраған санада ішкі толықтық жоқ. Ол әрқашан жаңа әсер, жаңа мазмұн іздеп, өз-өзін тоқтаусыз «азықтандырумен» айналысады. Бірақ бұл азық – бос калория секілді. Ол көңілді көтергенімен, жанды байытпайды. Қысқа видеолар, абсурдты әзілдер, ирония мен сарказмға тұнған посттар – бұл мәдениеттің тек сыртқы қабығы. Ішінде мазмұн жоқ. Мұндай ортада адамның ішкі әлемі өз-өзін жоғалтады. Ол терең әсерге қабілетсіз күйге түседі. Сол себепті көптеген жастар өмірін толық сезіне алмайды. Бұл – нағыз трагедия. Өйткені адам болмысы – тереңдікке мұқтаж. Біз тек күліп, ұмытып, әрі қарай жылжып жүре беретін тіршілік иесі емеспіз. Біз мән мен мағына іздейтін жанбыз. Ал әлеуметтік желідегі үздіксіз жылжи беретін контент сол мағынаны тұншықтырып тастайды.
Дайындаған
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ