Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:57

Ресей аграрлық держава мәртебесінен айырылды: импорт экспорты басып озды

Ресей
Фото: zhasalash.kz

Ресей алғаш рет тарихында ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелден көбірек импорттап, өзі аз экспорттайтын елге айналды. 

Бұл жағдайды сарапшылар елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіретін «тарихи бұрылыс» деп бағалап отыр.

Ресей базарлары мен дүкендері жеміс-жидек пен көкөніске толы болғанымен, олардың басым бөлігі енді отандық емес, шетелдік. Федералдық кеден қызметінің мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 15,4%-ға төмендеп, бар болғаны 12 млрд доллар табыс әкелген. Ал шетелден келген азық-түлік көлемі керісінше 12,5%-ға өсіп, шамамен 13 млрд долларға жеткен.

Бұған себеп ретінде рубльдің долларға шаққандағы бағамының өзгеруі айтылуда. Жыл басында 1 доллар 115 рубль болса, қазір 78 рубльге дейін түскен. Соның салдарынан ресейлік өндірушілер шетелге өнім сатып, одан түскен табысты рубльге айырбастағанда, қаржылай ұтылып отыр. Ал шетелдік жеткізушілер үшін Ресей нарығы бұрынғыдан да тартымды болып отыр.

Сонымен қатар әлемдік нарықта ауыл шаруашылығы өнімдерінің, соның ішінде бидай бағасының төмендеуі, санкциялар, соғыс жағдайы, мемлекеттік субсидиялардың қысқаруы сынды факторлар да ресейлік агросекторға ауыр соққы болып тиюде. Соның салдарынан соңғы 5 жылда елде 35 мыңнан астам фермерлік шаруашылық жабылған.

Жер көлемі жағынан Ресей әлемде бірінші орында тұрғанымен, бұл артықшылық өз тиімділігін жоғалта бастаған. Экономист Леонид Холодтың айтуынша, шенеуніктердің бағаны күшпен ұстап тұруға тырысуы нарықтағы тепе-теңдікті бұзып, өндірушілерге залал келтіріп жатыр. Нәтижесінде фермерлер шығынға батып, өндіріс қысқарды.

Ауылдағы шағын шаруашылықтарды дамыту орнына Ресей ірі агрохолдингтерге басымдық берді. Нәтижесінде елдегі азық-түлік дүкендерінде өнімдердің түр-түрі азайып, негізінен тек ірі өндірушілердің тауарлары ғана сөрелерде қалды. Бұл бәсекенің азаюына, ал бағаның өсуіне жол ашты. Экономистер Кеңес одағы кезін еске салып, әлеуметтік дүкендердегі сөрелердің бос қалуы, ал базарлардың тек қымбат әрі импорттық тауарларға толып кетуі сияқты жағдайдың қайталанып жатқанын айтып отыр.

«Федеральный сельсовет» төрағасы Василий Мельниченконың пікірінше, ел ауыл шаруашылығында қате бағытқа бет бұрған. Ресейдің әлемді асырайтын ел деген атағы жай ғана мифке айналған. Тығырықтан шығудың жалғыз жолы – шағын фермерлерді қолдап, отбасылық шаруашылықтарды дамытуға нақты қадамдар жасау.