Трамп Иран мен Израильді қалай татуластыратынын айтты

АҚШ президенті Иран мен Израиль арасында бейбіт келісімге қол жеткізе алатынын мәлімдеді.
Бұл туралы ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
Америкалық көшбасшының айтуынша, егер тараптар келісімге келсе, Таяу Шығыс «қайтадан ұлы аймаққа» айналуы мүмкін. Ол Иран мен Израильді келісімге «мәжбүрлейтінін» атап өтіп, бұған дейін Үндістан мен Пәкістан арасында бітімге қол жеткізгенін еске салды. Оның басты құралы — АҚШ-пен сауда-саттық.
«Менің жанама қатысуымның арқасында қақтығыс тоқтады, әрі қарай да солай болады! Дәл осы сияқты, Иран мен Израиль арасында да бейбітшілік орнайды! Қазір көптеген қоңырау мен кездесулер өтіп жатыр. Мен көп жұмыс атқарып жатырмын, бірақ ешқашан мойындалмаймын — бұл қалыпты жағдай, халық бәрін түсінеді», - деп жазды ол.
Дональд Трамп сілтеме жасаған Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс сәуір айының соңында Пахалгамда (дау тудырған Джамму мен Кашмир аумағында) болған терактіден кейін басталды. Сол кезде 26 адам қаза тапқан. Бұған жауап ретінде Үндістан армиясы 7 мамырға қараған түні Пәкістан жағындағы «террористік инфрақұрылымға» қарсы «Синдур» операциясын бастаған.
Исламабад бұл шабуылдарды соғыс жариялау деп бағалап, қарулы жауап қайтарды. Ал 10 мамырда «Банян уль-Марсус» атты ауқымды әскери операция басталғанын жариялады. Сол күні Трамп АҚШ-тың араағайындығымен тараптар атысты бірден тоқтату туралы келіскенін мәлімдеді. Кейін Үндістан мен Пәкістан бұл ақпаратты растады.
Енді Трамп дәл осы тәсілді Иран мен Израиль арасындағы қақтығыста қолданбақ. Екі ел арасындағы зымырандық соққылар үшінші күн қатарынан жалғасып жатыр. 13 маусымда Израиль ауқымды әскери операция басталғанын хабарлап, Иранның ядролық қару жасауға жақындап қалғанын мәлімдеді.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, эскалация басталғалы бері алғаш рет шабуылдар күндіз жасалып отыр. Сондай-ақ Иранның Исфахан қаласындағы Қорғаныс министрлігі ғимаратына соққы берілген. Ирандық дрондар жасалатын цех қатты зақымданған.
Алдын ала мәлімет бойынша, соққы израильдік Spice 1000 бомбасы арқылы жасалған.