Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:05

Сөз еркіндігі жоқ: Қазақстан репрессивті елдер қатарына кірді

Еркіндігі
Фото: БАҚ

Қазақстан сөз бостандығы бойынша 19 балл жинады.

ARTICLE 19 халықаралық құқық қорғау ұйымы жариялаған Global Expression Report 2025 есебінде Қазақстан 100 мүмкін балдың ішінен небәрі 19 балл жинап, сөз еркіндігі дағдарысқа ұшыраған елдер қатарына енді. Бұл рейтингтің ең төменгі санатына жатады.

Есепке сәйкес, Қазақстанда сөз бостандығына қатысты айтарлықтай шектеулер бар. Атап айтқанда, азаматтар мен журналистердің ой-пікірін ашық білдіруі үшін қудалауға ұшырау қаупі жоғары, БАҚ-қа бақылау күшейген, ал өзін-өзі цензуралау кеңінен таралған. Ұйым өкілдері елдегі ахуалдың бұрынғы жылдармен салыстырғанда нашарлағанын атап өтеді.

Еуропа мен Орталық Азия аймағындағы 26-дан астам мемлекетте сөз бостандығы көрсеткіштері соңғы он жылда төмендеген. Қазақстан — жағдай ең күрделі елдердің бірі. Жалпы алғанда, аталған аймақта 661 миллионнан астам адам сөз еркіндігі шектелген ортада өмір сүреді.

Есепте Польша ғана оң өзгеріске қол жеткізгені көрсетілген — бұл елдің рейтингі 17 баллға жақсарған. Ал Қазақстан ақпараттық және азаматтық салада репрессия деңгейі жоғары елдер қатарына кіреді.

Қазақстан Global Expression Report рейтингінде сөз еркіндігі бойынша 121-орынға тұрақтады. Ел 100 балдан тек 19 балл жинап, «in Crisis» («дағдарыста») санатына енгізілді. 19 балл — бұл елде сөз бостандығы толықтай шектелудің алдында тұрғанын білдіреді.

«In Crisis» санаты нені білдіреді?

– Журналистік материалдар мен ашық пікір айтқаны үшін қудалау;

– БАҚ-қа мемлекеттік бақылау мен қатаң цензура;

– Азаматтардың еркін пікір білдіруіне қауіпсіз ортаның болмауы.

Ұйым мәліметінше, мұндай жағдайда азаматтық қоғам әлсірейді, ал журналистер мен белсенділер өз ойын ашық айту мүмкіндігінен айырылады.