Германия Газа секторындағы гуманитарлық жағдайға байланысты Израильге қысым көрсетуге дайын

28 шілдеде Берлиндегі баспасөз мәслихатында Германия үкіметінің өкілі Себастьян Хилле мәлімдегендей, канцлер Израиль премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесіп, Германияның бұл мәселедегі үмітін анық жеткізген.
«Федералды үкімет егер ешқандай ілгерілеу болмаса, қысымды күшейтуге дайын екенін айтты», - деді Хилле.
Оның айтуынша, Берлиннің нақты әрекеттері жағдайға байланысты болады, бірақ «жалпы алғанда, біз қосымша қадамдарға баруға дайынбыз», - деді ол. Сонымен қатар Хилле Фридрих Мерцтің Газа секторындағы жағдайды “мүлде төзгісіз” деп санайтынын жеткізді.
Германия өкілі Израильге оқ атуды тоқтатуға және палестиналықтарға гуманитарлық көмек жеткізуге шақырды. Ал ХАМАС террористік ұйымына қаруын тастап, тұтқындарды босатуды ұсынды.
27 шілдеден бастап Израиль Газа секторындағы кейбір аудандарда “тактикалық үзіліс” жариялаған болатын. Осыдан кейін аймаққа азық-түлік тиелген жүк көліктері кіре бастады. Израильдің мәліметінше, жексенбі күні 120 жүк көлігі, дүйсенбі күні 180 көлік гуманитарлық көмекпен жіберілген. Иордания мен БАӘ көмекті парашютпен тастау әдісімен жеткізуді бастаған.
БҰҰ-ның Палестина босқындары істері жөніндегі агенттігі Израильдің “гуманитарлық үзілістерін” сақтықпен қолдады, алайда Газа секторы күніне кем дегенде 500-600 жүк көлігіне тең азық-түлік, дәрі-дәрмек пен гигиена құралдарын қажет етеді деп ескертті.