Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 10:15

Қазақстан қайнап барады: Түркістан, Маңғыстау мен Қызылорда Сахараға айналуы мүмкін

Сахара
Фото: ашық дереккөз

Астана қазірдің өзінде қызып кетуден өлім көрсеткіші бойынша Еуропа мен Орталық Азиядағы үздік ондыққа кіреді. 

Болжам бойынша, 2090 жылға қарай елордада жыл сайын 23 мыңға дейін адам аптап ыстықтан қайтыс болуы мүмкін.

Қазақстан экономикасы жыл сайын аптап ыстықтың салдарынан миллиардтаған теңге жоғалтуда. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің Еуропа мен Орталық Азиядағы климаттың өзгеруіне арналған баяндамасында айтылған. Ұйым мәліметінше, 2000-жылдардың басында Қазақстанда жылына орта есеппен 27 экстремалды ыстық күн тіркелсе, 2020 жылға қарай олардың саны 42-ге жеткен. Сонымен бірге, ыстық толқындарының ұзақтығы 10 күннен 15 күнге дейін артқан, ал мұндай кезеңдердің саны жылына 5-тен 6-ға көбейген.

«Егер қазіргі үрдіс сақталса, ғасыр соңына қарай елдің солтүстік қалалары да климаттың айтарлықтай өзгеруін сезінеді. Петропавл, Семей және Оралда жазғы температура 3–4 °C-қа көтерілуі мүмкін, ал ыстық күндердің саны жылына 60–70-ке дейін артуы ықтимал. Түркістан, Қызылорда және Маңғыстау сияқты оңтүстік өңірлер жаңа Сахараға айналуы мүмкін», - деп ескертеді сарапшылар.

Аптап ыстық адамдардың денсаулығына да қауіп төндіріп жатыр. Астана қазірдің өзінде жыл сайын 100 мың адамға шаққанда 20 адам қызып кетуден көз жұматын Еуропа мен Орталық Азиядағы ең қауіпті 10 қаланың қатарына кіреді. Егер қажетті шаралар қабылданбаса, 2090 жылға қарай бұл көрсеткіш 10-нан 23 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Әсіресе, қарттар, балалар және табысы төмен азаматтар қатты зардап шегеді.

Қазақстан экономикасы да аптаптан тікелей шығын көруде — еңбек өнімділігі төмендеп, ел жылына жұмыс уақытының 1,5 пайызына дейінін жоғалтады. Жоғары температура әсіресе құрылыс, ауыл шаруашылығы және көлік секторына кері әсер етеді. 2050 жылға қарай тек Астана ғана еңбек өнімділігінің 0,2%-ға төмендеуі салдарынан жыл сайын ондаған миллиард теңге жоғалтуы мүмкін. Ғаламдық зерттеулер температура артқан сайын еңбек өнімділігі күрт төмендейтінін дәлелдеген: мысалы, 40°C-тан жоғары кезде өнімділік шамамен 2%-ға азаяды.

Жоғары температура инфрақұрылымға да теріс әсерін тигізеді. Астанада аптап кезеңдерінде 200 шақырымға дейінгі асфальт жол бүлінеді, оны қалпына келтіруге қомақты қаражат қажет. Сонымен қатар ыстық ауа райы электр желілерінің істен шығуына және табиғи өрттердің жиілеуіне әкеледі.

Дүниежүзілік банк дерегінше, аптап мектеп оқушыларының үлгеріміне де кері әсер етеді. Орташа жылдық температураның небәрі 2 градусқа көтерілуі оқушылардың тест нәтижелерін 7 пайызға дейін төмендетеді. Бұл Қазақстанның экономикалық болашағына теріс әсер етуі мүмкін, өйткені қазіргі оқушылардың білім деңгейі — болашақ мамандардың біліктілігі мен елдің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей ықпал етеді.

Сарапшылар билікке қалаларды жаңа климаттық жағдайларға бейімдеуді шұғыл бастау керек деп кеңес береді. Мамандардың айтуынша, көбірек көгалдандыру, ғимараттардың желдетілуін жақсарту, пассивті салқындату жүйелерін орнату және халықты ыстықтан қорғау шараларын енгізу қажет. Қалаларда тығыз құрылысқа жол бермей, әйнек қаптамалы биік ғимараттардың санын шектеу ұсынылады, өйткені олар «жылу аралы» әсерін туындатады.

«Қала мен әкім ыстыққа бейімделу шараларын жүзеге асыруда басты рөл атқаруы тиіс. Бұл үшін қосымша өкілеттіктер, тұрақты қаржыландыру және үкіметпен тығыз үйлестіру қажет», - дейді Дүниежүзілік банктің аға экономисі Мегхи Муким.

Тегтер: