Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 21 Мамыр 2025

Жора-жолдас, миллиондар мен пара: полковник Джаугашев ісі қайта қозғалды

Сот
Фото: ашық дереккөз

Ақтөбеде әскери тергеу басқармасының бұрынғы қызметкерлеріне қатысты атышулы сот процесі аяқталуға жақын. 

Қазір Ақтөбе гарнизонының Әскери сотында пара алды деп айыпталып отырған екі тұлға — Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының экс-басшысы, полковник Мұхит Джаугашев пен аға тергеуші Асхат Садуакасов сот алдында жауап беріп жатыр.

Екеуіне де ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы («Пара алу») бойынша іс қозғалған. Тергеу деректеріне сүйенсек, лауазымдарын пайдалана отырып, олар бірнеше мәрте ірі көлемде пара алған. Параның нақты сомасы мен кімдерден алынғаны тергеу құпиясына байланысты толық жарияланбағанымен, қорғаушылар бұл істің артында бірнеше жыл бойы «жабылып келген» жемқорлық схемалар жатқанын меңзейді.

Полковниктің “махаббат бюджетін” кім қаржыландырған?

Мұхит Джаугашевтың аты бұған дейін де резонанс тудырған 2023 жылғы қылмыстық іс аясында аталған еді. Сол кезде Ішкі істер министрлігінің бұрынғы бас бухгалтері — Мақсат Мұқат сотта полковникпен бірігіп, 120 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырғанын ашық мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл ақша полковниктің көңілдесіне жұмсалған — элиталық мейрамханалардағы кешкі астар, шетелдік сапарлар, сәнді сыйлықтар мен қымбат шопинг.

Джаугашев
Фото: ашық дереккөз

Дегенмен, сол уақытта Джаугашев жауапкершіліктен құтылып кетті — ол тек куәгер ретінде қаралып, кейін басқа өңірге «жұмсақ» түрде ауыстырылды. Алайда жаңа айғақтар мен куәгерлердің көрсетулері бұл істі қайта жандандырды.

Сот шешімі не болмақ?

Қазіргі таңда екі айыпталушы қамауда отыр. Сот отырыстары жабық форматта өтуде. Қорғаушы тарап кейбір дәлелдердің бұрмаланғанын айтса, прокурорлар сотқа жеткілікті дәлелдемелер ұсынылғанын мәлімдеп отыр. Жақын күндері үкім шығуы мүмкін.

Саяси астары бар ма?

Бұл істің қарапайым қылмыстық оқиға екеніне сенбейтіндер де аз емес. Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл іс – жүйедегі «ескі гвардияны» тазартудың бір бөлігі ғана. Себебі соңғы бір-екі жылда құқық қорғау органдарында да, әскери құрылымдарда да үлкен кадрлық өзгерістер жүріп жатыр. Бірі зейнетке кетіп үлгерсе, енді бірі соттың табалдырығында.

Бүгінгі парақорлық туралы жаңалықтар — кеше ғана “абыройлы офицер” деп мақталғандардың қалайша махаббат пен мансапты шатастырып алғанын көрсетіп отыр. Шетелге шығарылған ақшаның бір бөлігі әлі табылмаса да, махаббат бюджетінің үнемделмегені анық.

Тегтер: