Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Оңтүстік Корея президентінің міндетін атқарушы Хан Док Су отставкаға кетті

Хан Док Су
Фото: yonhap

Оңтүстік Корея президентінің міндетін атқарушы Хан Док Су 1 мамыр, бейсенбі күні отставкаға кеткенін мәлімдеді. 

Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.

Хан Док Су өз шешімін Сеулдегі үкіметтік кешенде өткен арнайы баспасөз брифингінде жария етті. Ол 3 маусымда өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға қатысуға ниетті екенін айтты. Сайлау экс-президент Юн Сок Елге жарияланған импичменттен кейін өткізіліп отыр.

«Осы қиын кезеңде маған жүктелген зор жауапкершілікті сезіне отырып, бұл шешімнің дұрыстығы мен қажетілігі туралы ұзақ әрі жан-жақты ойландым. Егер бұл – жалғыз әрі дұрыс жол болса, мен оны қабылдауға дайынмын», – деді Хан Док Су журналистер алдында сөйлеген сөзінде.

Саяси шолушылардың айтуынша, оның отставкасы бірнеше апта бойы қоғамда қызу талқыланған еді. Бұған дейін Ханның сайлауға қатысатыны немесе қатыспайтыны белгісіз болып келген. Оның шешімі саяси сахнада жаңа күштердің пайда болуына түрткі болуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, Юн Сок Елге қатысты импичмент Парламенттің арнайы тергеуінен кейін жарияланған болатын. Оған билікті асыра пайдаланды деген айып тағылған.

Хан Док Су 2022 жылдан бастап премьер-министр қызметін атқарып, кейін президенттің міндетін уақытша атқаруға кіріскен болатын. Енді ол елдің жоғары лауазымына ресми түрде үміткер ретінде күреске түседі.