Израиль Газада 60 күнге атысты тоқтатуға келісті – Трамп

Трамптың айтуынша, Иерусалим оның әкімшілігі ұсынған екі айлық уақытша бітім шарттарын қабылдаған.
Вашингтонға Израильдің стратегиялық жоспарлау министрі Рон Дермер келді. The Times of Israel басылымының хабарлауынша, ол Трамптың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткоффпен, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен және вице-президент Джей Ди Вэнспен келіссөздер өткізуді жоспарлаған. Трамптың айтуынша, кездесу ұзақ әрі нәтижелі болған.
«Менің өкілдерім израильдіктермен тиімді кездесу өткізді. Израиль 60 күнге атысты тоқтату шарттарына келісті. Осы уақыт ішінде біз барлық тараппен соғысты аяқтау үшін жұмыс істейтін боламыз», - деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

Трамп Ақ үйдің атынан мәлімдеме жасап, Египет пен Катар ұсынысты ХАМАС қозғалысына жеткізетінін айтты. Сонымен қатар ол палестиналық қозғалысты ескертіп, егер атысты тоқтату туралы соңғы ұсынысты қабылдамаса, жағдай «тек нашарлай түсетінін» атап өтті.
«Мен Таяу Шығыстың игілігі үшін ХАМАС бұл келісімді қабылдайды деп үміттенемін, себебі одан жақсысы болмайды — ЖАҒДАЙ ТЕК НАШАРЛАЙДЫ», - деп жазды ол Truth Social желісінде.
АҚШ-тың 60 күндік бітімге қатысты ұсынысы соңғы бірнеше айда талқыланып келеді. Al Arabiya және Al Jazeera ақпараттарына сүйенсек, бұл ұсыныс израильдік тірі тұтқындарды босату мен қаза тапқандардың денелерін қайтаруды, оның орнына палестиналық тұтқындарды бірнеше кезеңмен босатуды қамтиды. Израиль әскери операцияларды толық тоқтатып, тұтқындар алмасу аяқталғаннан кейін әскерін сектордың оңтүстігіне қайта орналастыруы тиіс. Сонымен қатар бітімнің бірінші күнінде тұрақты атысты тоқтату туралы келіссөздер басталуы жоспарланған.
Бұған дейін ABC телеарнасы Израиль үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, премьер-министрдің кеңесшісі Рон Дермер 30 маусымда Вашингтонға келіп, Трамп әкімшілігімен келіссөздер өткізетінін хабарлаған болатын. Келіссөздер Газадағы соғыс, Израиль мен Иран арасындағы шиеленіс және премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың Ақ үйге жоспарланған сапарына қатысты болмақ.
Осыған дейін Мысырдың сыртқы істер министрі Бадр Абдель Аты Каирдің өзге делдал елдермен бірге Газада 60 күндік атысты тоқтату келісіміне қол жеткізуге күш салып жатқанын мәлімдеген еді. Бұл бітім аясында бірқатар израильдік тұтқынды босату қарастырылған.
18 наурызға қараған түні Израиль қорғаныс армиясы анклавқа әуе соққыларын қайта бастады. Израиль премьері Биньямин Нетаньяху бұл шешімді ХАМАС қозғалысының америкалық ұсынысты — атысты тоқтату режимін ұзарту және тұтқындарды босату жоспарын қабылдаудан бас тартқанына байланысты қабылдағанын айтты.
Израиль мен ХАМАС арасындағы ресми бітім 1 наурызда аяқталған болатын. Алайда делдалдардың келіссөздерді жалғастыруға шақыруына байланысты әскери әрекеттер дереу қайта жанданбаған еді. Соған қарамастан, Израиль Газадағы тұщыту қондырғысына электр қуатын беруді тоқтатып, гуманитарлық көмек тиелген жүк көліктерінің секторға кіруіне тыйым салды.